«Майқапшағай-Қалбатау» тасжолын салып жатқан мердігерге айыппұл салынды
Шығыс Қазақстан облысында «Майқапшағай-Қалбатау» тасжолын салып жатқан мердігерге 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.
ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы республикалық маңызы бар «Майқапшағай-Қалбатау» тасжолында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде, орындалған жұмыстар бекітілген жобаға және мемлекеттік стандарттарға, оның ішінде құрылымдардың беріктігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысты нормаларға сәйкес келмейтіні анықталды.
«Мердігер компания бұл жұмыстарды 2016 жылдан бері жүргізіп жатыр. Бұзушылықтарға сәйкес оған ҚР ӘҚБтК-нің 315-бабымен 100 АЕК (345 000 теңге), 312-бабы 1-бөлігімен 700 АЕК (2 415 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», - деп хабарлады басқармадан.
Алайда мердігер бұған келіспей, сотқа арыз түсірген. Өскемен қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты бұл арызды қанағаттандырусыз қалдырды.