Майқайың кенішіндегі құтқарушылардың техникалары ескі, құрал-жабдықтары нашар болған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Алтын кенішіндегі ойыққа автобуспен бірге құлап, қазақ тапқан құтқарушының бірі — Олег Тышкевичтің туыстары соттан кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабын жауапқа тартуды сұрап отыр.

Баянауыл аудандық сотында Майқайың алтын кенішінде 4 құтқарушының өліміне себепкер болған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық істің негізгі процестері өтіп жатыр.
Сотта марқұм құтқарушы Олег Тышкевичтің қызы Яна Осолодкова куәгер ретінде оқиғаға қатысты өзі білетін жайттармен бөлісті. Янаның айтуынша, ол әкесімен сол күнгі қайғылы оқиғадан жарты сағат бұрын сөйлескен.

— Әкем марқұм телефон арқылы сөйлескенімізде өзінің бұл күні резервтік құрамда болғанын, демалыс бөлмесінде тынығып отырғанын айтқан еді. Оның қалайша оқиға орнына баруға пәрмен алғаны мен үшін түсініксіз. Бір сөзбен айтқанда, ол ойыққа құлаған әлгі автобус салонында болуға тиіс емес еді. Әкемді және жанындағы серіктерін апат орнына заңсыз жіберген деп есептеймін. Олар жауапсыздықтың құрбаны болды. Ал қыршын кеткен Сарқыт Бердіқан деген жас жігіттің (1999 жылы туған) ондай апаттық оқиғаға баратындай тәжірибесі болмаған. Жақында ғана жұмысқа тұрғандықтан ол күрделі құтқару операцияларына тіпті үйретілмеген көрінеді. Ал жұмыс беруші — Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабында (КӘАҚҚ РОШ) қызметкерлерін мұндай іске үйретуге рұқсат беретін тиісті лицензиясы жоқ екенін анықтадым. Сондықтан бұл жерде үлкен заңсыздық болған. Мен бұл сотта КӘАҚҚ ұйымының да жауапқа тартылуын сұраймын, — деді сотта Яна Осолодкова.
Янаның сөзінше, марқұм әкесі жұмыста үнемі құтқарушылардың жетіспейтініне, техникалардың ескілігіне шағымданған. Оның үстіне арнайы киімдері де тозығы жеткен, нашар күйде болған көрінеді.

— Автобуста арнайы құралдарды қойып, респиратор да болмаған. «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС жұмыс беруші ретінде қызметкерлерінің қауіпсіздігіне жауап беруі тиіс. Алайда мен сотта оларға қатысты айыптау актілерін көрмей отырмын. Аталған құтқару ұйымын жауапқа тарту, тергеу жүргізу туралы өңірлік антикор қызметіне, прокуратураға шағым түсіргенмін. Олардың нәтижесі болады деген үміттемін, — деп қосты Яна Осолодкова.
Бұған дейін Майқайыңдағы апатта қаза тапқан құтқарушының қызы өтемақының дұрыс төленбегеніне наразылық білдіргені туралы жазғанбыз.
Кейін марқұм О.Тышкевичтің отбасы жұмыс берушіден сот арқылы 120 млн теңге өндіріп алғысы келгені анықталды.
Бірақ сот «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған құтқарушының ісі бойынша моралдық өтемақыны кемітіп, оның көлемін 7,5 млн теңге етіп белгілеген.
Баянауыл аудандық соты бұған дейін Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындағаны туралы жазғанбыз. Олардың бірі департаменттің мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы, екіншісі бөлімнің бас маманы болып қызмет еткен. Лауазым иелері 2016 жылы «Майқайыңалтын» кәсіпорнының жерасты шахтасын тексеру барысында жіберілген салғырттық үшін жауапты деп танылған.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
Апаттан соң Майқайыңдағы «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары үйлерімен қоса жер астына түсіп кетуден қорқатындарын айтып, дабыл қақты.
Ал 2024 жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Майқайыңдағы апаттық үйлер тұрғындарына жаңа баспана салынатынын мәлім етті.
Баянауыл ауданының әкімдігі Майқайыңда апатты аймақта тұрып жатқан 273 адам қалай көшірілетіні туралы жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» толықтай сатып алды.
Өз кезегінде «Алтыналмас» Майқайың халқының өзекті мәселелерін шешуге ынталы екенін хабарлаған.
Ал биылғы 28 сәуірде Баянауыл аудандық сотында Майқайың алтын кенішінде 4 құтқарушының өліміне себепкер болған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық істі қарау басталды. Кінәлі тұлғалар 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.