«Майқайыңалтын» АҚ-ның кен байыту комбинаты қайта іске қосылды

«Майқайыңалтын» қандай жағдайда жұмысын жалғастыра алады
Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бүгін «Майқайыңалтын» АҚ-ның кен байыту комбинаты кен айыру жұмыстарын қайта бастады. Кәсіпорын бойынша 750 адам жұмысқа қайта шыққан. Комбинатқа қажетті шикізат 100 шақырым жерден тасылып жатыр.

Акционерлік қоғамның бас директоры Қуаныш Ботин Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында кәсіпорында жалпы саны 750-дей адам тұрақты жұмысқа шыққаны туралы ақпаратты растады.

«Шикізатты Баянауыл ауданы аумағында орналасқан Сувенир кен орнынан таси бастадық. Ол жер біздің комбинаттан 100 км қашықтықта орналасқан. Кенді жүк көліктерімен тасимыз. Кен орнымен жасалған шартта көрсетілген шикізат біздің комбинаттың жұмысын 2 айға қамтамасыз етеді. Бастысы, қызметкерлеріміз өз жұмыс орындарына қайта оралды», - деді Қ.Ботин.

Ал кәсіпорындағы кеніштің 150-ден астам шахтері әзірше мәжбүрлі демалыста қала береді.

Еске сала кетейік, «Майқайыңалтынға» қарасты кен байыту фабрикасы 1 сәуірге дейін жұмысын тоқтататыны туралы хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар