«Майқайыңалтын» жер астына түсіп кеткен автобусты іздеу жұмыстарын не себепті тоқтатты

Майқайың
Фото: Павлодар облысы ТЖД

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Іздестіру шаралары бұған дейін кеніштің өзіне жүктелген болатын. Алайда ақпан айының соңынан кәсіпорын басшылығы оны толықтай доғарып тастаған.

Бұған дейін жазғанымыздай, құтқарушылар кеніш ойығына құлаған автобусты іздеу жұмыстарын ақпан айының басында тоқтатып, «Майқайыңалтын» АҚ шұңқыр түбіне ауыр техника өздігінен жүріп баратындай жол сала бастаған

автобус
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Алайда жуықта Майқайың кенішіндегі жер қазу жұмыстары тоқтап қалғаны жайында ақпарат тарады. Құрдымға құлаған автобусты іздеу жұмыстары не себепті тоқтатылғаны туралы «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин бізге былай деп түсіндірді:

«Ақпан айының басында құтқарушылар кетіп қалды. Біз жер астында жатқан қос азаматтың туыстарының өтінішін ескеріп, жер қазу жұмыстарын өз күшімізбен жалғастырамыз деп шештік. Ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейтіліп, ойықтың түбіне дейінгі аппарелі тереңдетіле бастады. Бұл жұмысты үш аптадан аса жүргіздік. Алайда мұндай іс-шараларды жүргізу үшін әуелі жер қазу жұмыстарының жобасы әзірленуі керек еді. Оны бізбен тұрақты байланыс орнатқан бір фирма бастапқыда жасап береміз деген. Олар мәселені зерделей келгенде, жағдайдың аса күрделі екенін ескеріп, жауапкершіліктен бас тартты. Фирма өкілдерінің айтуынша, жер қазу жұмыстары барысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте қиын. Ал жобаны әзірлеуші компания ол жауапкершілікті арқалағысы келмейді. Сәйкесінше, біз жұмысты одан әрі жалғастыра алмадық. Ауыр техника шұңқыр түбіне түссе онсыз да қопсып тұрған кен жыныстары оның салмағын көтере алмай, опырылып түсуі мүмкін. Бұдан адам шығыны болуы да ықтимал. Осы жағдайлардың барлығын ескере келіп, ақпан айының соңғы аптасында біз бастапқы шешімімізді өзгерттік. Ал іздестіру жұмыстары алдағы уақытта жалғаса ма, жоқ па, оны айта алмаймын. Себебі бұл біздің құзырымыздағы мәселе емес», - дейді кәсіпорын басшысы.

Қазір Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының мамандары кеніш шахталарына түсіп, олардың қызметкерлер үшін қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп жатыр. Мамандар оң шешім шығарса, сәуір айында кеніш қайтадан жұмысын жалғастыруы мүмкін. 

автобус
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ал өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бұған дейін кеніштегі жұмыстарға жұмылдырылған қызметкерлер мен техникалар толықтай өз қызмет орындарына қайтып оралғанын хабарлады. Қажет болған жағдайда департамент мамандары Майқайыңға көмекке бара алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Майқайыңалтын» АҚ-ның кен байыту комбинаты қайта іске қосылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар