Майқайыңалтындағы апат: прокурор кінәлі тұлғаларды төрт жылға соттауды сұрады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Екібастұз қалалық сотында өтіп жатқан «Майқайыңалтын» кенішіндегі қайғылы жағдай бойынша сот процесі жарыссөзге ұласты. Прокурор кінәлі тұлғалардың әрқайсысына 4 жылдан жаза тағайындауды сұрап отыр.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы, 3-тармағы — «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша қарастырылып отырған айыбы толық дәлелденгенін атап көрсетті. Прокурор 2014 жылдан кен орнында бұрын алынған жерлердегі қорды құлату жүйесімен өңдеу басталғанын, бірақ іс жүзінде құлату жүргізілмегенін жеткізді.

- Бұл ретте кәсіпорынның өңделген кеңістікті бетонмен толтыруды көздейтін 2011 жылғы жобасы болғанын, бірақ кәсіпорын бұл жобадан ауытқып 2013 жылғы жұмыс құжаттамасы бойынша жұмыс істегенін, ал ол іс жүзінде 2011 жылғы жобаның қосымшасы болғанын, уәкілетті органда келісуден өтпегенін атап өткен жөн, - деді прокурор Дарина Зкрьянова.
Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, 2014-2027 жылдар кезеңінде кен орнындағы қорларды өңдеу жұмыстары технологияны бұза отырып жүргізілген және оның салдарынан бос кеңістіктер қалып қойған.

- Көптеген адамдарда 2011 және 2013 жылдары сотталушылар жоғарыда аталған лауазымдарды атқармаған, ендеше олардың кінәсі не деген сұрақ туындайды. Ең әуелі алдыңғы жоба 2017 жылғы жоба бекітілгенге дейін күшінде болды, осы кезеңде сотталушылар кәсіпорын қызметкерлері еді. Олар өңделген кеңістіктердің жай-күйін техникалық тексеру үшін шаралар қолданбады, құлап кету қаупі жоғары, зерттелмеген учаскеде техниканың қозғалысына жол берді, - деп қосты прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы тараптардың жарыссөзі барысында 6 сотталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияда жазасын өтеумен 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Айта кету керек, сотталушылар өздеріне тағылған бұл айыптарды жоққа шығарып отыр.
Жарыссөзден соң тараптар сотта соңғы сөздерін айтады. Одан соң сот үкімі жария етіледі.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат салдарынан төрт құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Олар – Айдос Шаймерден, Олег Тышкевич, Сарқыт Бердіхан және Айып Тілеубергенов.
Апаттың алғашқы күні екі құтқарушының мүрдесі табылған еді.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталды.
Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындағаны туралы жазғанбыз.
Майқайыңдағы қайғылы оқиғаға кінәлі тұлғалар 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін екені хабарланды.
Баянауыл аудандық сотында істі қараушы судья зейнетке кетуіне байланысты сот процесі Екібастұз қалалық сотына ауыстырылды.
Сондай-ақ «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» толықтай сатып алды.
Кейінірек Майқайыңдағы алтын кеніші нақты құнынан үш есе арзанға сатылып кеткені белгілі болды.
Ал биылғы қазан айында Майқайың алтын кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушының рухына мемориалдық кешен ашылды.