Майқайыңдағы алтын кеніші нақты құнынан үш есе арзанға сатылып кеткен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Алтыналмас АК» АҚ компаниясы «Майқайыңалтын» кәсіпорнын өз құнынан үш есе арзанға сатып алған. Бұл туралы компанияның 2024 жылғы қаржылық және аудиторлық есебінде көрсетілген.

Майқайыңдағы алтын кеніші нақты құнынан үш есе арзанға сатылып кеткен
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Төрт құтқарушының өмірін жалмаған «Майқайыңалтын» АҚ-ның барлық капиталдары, соның ішінде алтын кеніші мен комбинаты, биылғы сәуір айында толықтай «Алтыналмас АК» АҚ-ның қарауына өткені туралы жазғанбыз. «Rense Enterprises Limited» компаниясына тиесілі болған жарғылық капитал 100% «Алтыналмасқа» сатылды.

Белгілі болғандай, «Майқайыңалтын» жаңа иесіне 5,8 млрд теңгеге сатылған. Kase.kz — Қазақстан қор биржасында «Алтыналмас АК» АҚ 2024 жылға шоғырландырылған қаржылық есептілігі және аудиторлық есебі жарияланды. Есепте көрсетілгендей, майқайыңдық кәсіпорынды компания 5 млрд 827 млн теңгеге сатып алған. 

Майқайыңдағы алтын кеніші нақты құнынан үш есе арзанға сатылып кеткен
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— 2025 жылдың 2 сәуірінде Топ кен орындары портфелін кеңейту стратегиясын жүзеге асыру аясында «Майқайыңалтын» АҚ алтын өндіру компаниясын сатып алды. Сатып алу кезінде белгіленген әділ құны — 5 млрд 827 млн 677 мың теңге, - деп көрсетілген қаржылық есепте. 

Бұл сомаға алтын кеніші үшін төлем және кәсіпорынның бұған дейінгі келісімшарттық қарым-қатынастарын реттеу кірген. 

Ал «Майқайыңалтынның» активтері жалпы сомасы 24,5 млрд теңге деп бағаланған. Сондай-ақ компанияның міндеттемелері 6,6 млрд теңге деп көрсетілген. Осылайша «Алтыналмас» кенішті негізгі құнынан 3 есе арзанға сатып алғаны мәлім болып отыр. Сәтті сатып алудан жаңа иесі 11,8 млрд теңгеден астам пайда көрген.

Майқайыңдағы алтын кеніші нақты құнынан үш есе арзанға сатылып кеткен
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Жалпы 2024 жылы «Алтыналмас» компаниясының жылдық табысы 175,6 млрд теңге болғаны көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 120,5%-ға көп. «Алтыналмастың» шешуші акционерлері — нидерландиялық Gouden Reserves B.V. тобы (67,5% үлеске ие) мен қазақстандық олигарх Владимир Джуманбаев (22,5%).

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті. 

Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды. 

Майқайыңдағы алтын кеніші нақты құнынан үш есе арзанға сатылып кеткен
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты. 
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды. 

19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді. 

25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды. 

Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды. 

Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды. 

Кейін сот «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған құтқарушының ісі бойынша моралдық өтемақыны төрт есе кемітті.

Апаттан соң Майқайыңдағы «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары үйлерімен қоса жер астына түсіп кетуден қорқатындарын айтып, дабыл қақты.

Ал 2024 жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Майқайыңдағы апаттық үйлер тұрғындарына жаңа баспана салынатынын мәлім етті.

Баянауыл аудаынының әкімдігі Майқайыңда апатты аймақта тұрып жатқан 273 адам қалай көшірітіні туралы жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» толықтай сатып алды. 

Өз кезегінде «Алтыналмас» Майқайың халқының өзекті мәселелерін шешуге ынталы екенін хабарлаған.

Соңғы жаңалықтар