Майқайыңдағы құтқарушылар өлімі: сот кінәлі тұлғаларға үкім шығарды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Барлық алты сотталушы «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша айыпталған еді.

Майқайыңдағы құтқарушылар өлімі: сот кінәлі тұлғаларға үкім шығарды
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Майқайыңдағы 4 құтқарушының өлімі бойынша қозғалған қылмыстық істе айыпталған тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты. Үкім Екібастұз қалалық сотында жария етілді. 

Судья 5 айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, тағы біреуінің бас бостандығын шектеді.

Атап айтқанда, «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры 4 жылға бас бостандығынан айрылса, бас директордың бұрынғы бірінші орынбасары мен кеніштің экс-директоры 3,5 жылға сотталды. 

Майқайың жерасты кеніші директорының бұрынғы орынбасары мен бас инженері 3 жылға түрмеге қамалатын болды.

Сот айыпталушының ең соңғысы — Майқайың жерасты кенішінің бұрынғы директоры 75 жаста екенін ескере отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеді.

— Сіздердің кінәларыңыз сот тергеуінде ұзақ уақыт бойы зерттелген іс бойынша жиналған деректер жиынтығымен дәлелденген. Тергеу барысында куәгерлер, жәбірленушілер, мамандар тыңдалып, жауап алынды. Аталған дәлелдемелердің, куәгерлердің, жәбірленушілердің және қайғылы апаттың себептерін анықтау дерегі бойынша қорытынды жүргізген маманның айғақтарының жиынтығы сотталғандардың кінәсін толық дәлелдеді, растады, анықтады, — деп атап өтті Екібастұз қалалық сотының судьясы Айжан Байгоншекова.

Бұған қоса, сот жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы талаптарын қанағаттандырмады. Тараптар әрбір ересек адамға 5 миллион теңгеден және балаларға 25 миллион теңгеден өндіріп алуды сұраған еді. Мұны сот сотталушылар бұрын «жәбірленушілерге ерікті түрде өтемақы» жасағандығымен түсіндірді.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті. 

Апат салдарынан төрт құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Олар — Айдос Шаймерден, Олег Тышкевич, Сарқыт Бердіхан және Айып Тілеубергенов.

Апаттың алғашқы күні екі құтқарушының мүрдесі табылған еді. 


Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты

Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды. 

19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді. 

25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды. 

Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды. 

«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталды. 

Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындағаны туралы жазғанбыз. 

Майқайыңдағы қайғылы оқиғаға кінәлі тұлғалар 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін екені хабарланды. Баянауыл аудандық сотында істі қараушы судья зейнетке кетуіне байланысты сот процесі Екібастұз қалалық сотына ауыстырылды.

Сондай-ақ «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» толықтай сатып алды. 

Кейінірек Майқайыңдағы алтын кеніші нақты құнынан үш есе арзанға сатылып кеткені белгілі болды. 

Ал биылғы қазан айында Майқайың алтын кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушының рухына мемориалдық кешен ашылды. 

Бұған дейін прокурор кінәлі тұлғаларды төрт жылға соттауды сұраған еді. 

Соңғы жаңалықтар