Майқайыңдағы «Шанхай» ауданының мәселесін арнайы комиссия тексереді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Комиссия аумақта тұрып жатқан халықтың қауіпсіздігін зерделеп, өзге жерге қоныс аударудың қажеттілігін анықтайтын болады. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар қатысады деп күтілуде.

Бұл туралы Павлодар облысының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс жөніндегі басқарма басшысы Қанат Кәрімов «Шанхай» ауданы тұрғындарының сауалына жолдаған жауап хатында мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен телімінің ауданындағы опырылған жерде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Іздеу жұмыстарына 144 адам және 42 техника жұмылдырылды. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін барлық мүдделі мемлекеттік орган кіретін арнайы комиссия құрылады. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша халық қауіпсіздігінің санитарлық аймағының мәселелері және олардың одан әрі қоныс аудару қажеттілігі, сондай-ақ басқа да әлеуметтік мәселелер зерделенетін болады», - делінген жауапта.

Бұған дейін Майқайың кентіндегі «Шанхай» ауданының тұрғындары үйлерімен қоса жер астына түсіп кетуден қорқып отырғаны туралы хабарлаған едік. Жергілікті тұрғындардың баспаналары автобус құлаған ойықтан небәрі 300-400 метр жерде орналасқан.
Kazinform тілшісі көтерген «Шанхай» жұртының мәселесі Мәжіліске жетті. «Amanat» фракциясының бір топ депутаты атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, халық қалаулылары шахта маңында орналасқан, апаттық жағдайда тұрған үйлердің жағдайын Үкімет органдарынан назарға алуды сұраған еді.