Майлы дақылдардың 90%-ы елде өңделеді
АСТАНА. KAZINFORM – 2024–2025 жылдары Қазақстанның май саласы әлемдік нарықта орнын айтарлықтай нығайтты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өсімдік майы мен шрот экспорты 1,3 млн тоннадан асып, экспорт көлемі 837 млн доллар болды.
— Биыл Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде 6-орынға көтеріліп, Еуроодақ елдеріне күнбағыс шротын жеткізетін негізгі 3 мемлекеттің қатарына кіріп отыр.
Аграрлық экспорттың жалпы көрсеткіштері де осы үрдісті растайды. QazTrade мәліметінше, 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 37,8%-ға өсіп $7,13 млрдқа жеткен.
Бұл кездейсоқ өсім емес. Сала біртіндеп шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшіп жатыр. Қазақстанда өсірілетін майлы дақылдардың 90 пайыздан астамы ел ішінде өңделеді. Сыртқы нарыққа дайын, қосылған құны жоғары өнім шығарылып жатыр, — делінген хабарламада.
Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, соңғы жылдары сала түбегейлі трансформациядан өтті.
— Бұрын Қазақстан негізінен шикізат экспорттайтын. Қазір біз шетел нарықтарына өңделген өнім шығарып отырмыз. Кәсіпорындарды жаңғырту, жұмыс қуатын арттыру және логистиканы дамыту нәтижесінде күнбағыс майының экспорты әлемде көшбастап тұр. Алдағы мақсатымыз үздік үштікке ену және саланың валюталық түсімін 2 млрд долларға дейін жеткізу, — деді ол Алматыда өткен дөңгелек үстелде.
2021 жылдан бері саланың жұмыс қуаты 2,5 есе өсті. Негізгі экспорттық бағыттар — Қытай, Орталық Азия елдері және Еуроодақ. Бұл нарықтарда өсімдік майы мен шрот импорты жылына 40 млн тоннадан асады. Бұл Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Саланың бүгінгі қарқыны Мемлекет басшысы белгілеген терең өңдеуді дамыту және елдің сыртқы нарықтағы позициясын нығайту бағытымен толық үйлеседі.
Айта кетелік Қазақстан әлемдік күнбағыс майы экспортында 8-орынға ие болған еді.