Мажарлар мерекеге атпен келді

Разы болатынымыз, ол жай қонақ, саяхатшы емес, туысқан елдер арасындағы байланыстарды нығайту қызметін мақсат еткен қайраткер ретінде танылуы.
Бенце Иштванның әр сапарынан бірлік пен бауырмалдыққа негізделген айшықты мақсат мөлдіреп тұрады. Мәселен, ол қазақ жеріне тұңғыш рет 1999 жылы венгрлік қыпшақ-құман делегациясының құрамында аяқ басқан еді. Бұдан кейін әлем қазақтарының Құрылтайына қатысты. Көп ұзамай қазақ күресі турнирінде балуандық бағын сынаған. Тіпті, келіншегі Бенце Юдит екеуі алматылық Жұлдыздың өкіл әке-шешесі ретінде баршамызбен біте қайнасып кеткендей.
Осы жампоз бауырымыздың Ақмола жеріне ат басын бұрыпты деген хабарды естіген бойда бүгінгі қыпшақтардың ата қонысы саналатын Жақсы ауданына желдей есіп жеткенбіз. Әкімдік алдындағы алаңда тұрғындар көптеп жиналған. Бір сәт ән-күй әуені толастап, жұртшылық қақ жарылып жол ашты. Қошемет құшағындағы үш жігіт төрге озды. Ұлттық киімінің алып қалталарынан толассыз шашулардан жинаған тәттілерін балалардың қолына уыстатып, мәз-мәйрамға бөлеп барады. Қолын төске қойып, көпшілікке ықыласты сәлемдерін жолдауда, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымының тілшілері.
- Алыс та жақын қазақ даласынан не іздейтініміз айтпаса да түсінікті. Біздегі кез келген венгр өзінің түп-тегінің Орталық Азиядан шыққандығын жақсы біледі. Ал, ғалымдар терең сараптау барысында, қазақтар мен венгрлердің генетикалық сәйкестігін дәлелдеп берген күннен бастап біз Қазақстанды өзіміздің байырғы отанымыз санаймыз. Біз ол туралы көп білгіміз, тәуелсіз Қазақстанның әлем назарындағы кең құлашты қадамдарына терең бойлағымыз келеді. Біз игі дәстүрге айнала бастаған «Ат жалындағы тарихи сапар» аталатын экспедициямыз арқылы ел табысына үлес қосуды, оны насихаттауды ниет еттік. Экспедиция құрамындағы этнограф ғалымдар Чемез Фаркаш пен Береш Шандордың еліміздегі ағайындарға ұсынар тәлім қоржыны қазірдің өзінде салмақтанып қалды. Жалпы, үстіміздегі жылдың наурыз айында Венгриядан басталған сапарымыз 5 шілдеде аяқталып, Астана күні мерекесіне қатысамыз деген үміттеміз, - деп еді Бенце Иштван сол сәтте толқи тұрып.
Бауырлармен қауышу мерекесінде қонақтар «Қаражорға» биінің ырғағына бөленіп, алыстағы мажарлар әуенін төгілтті. Арғымақпен жорғалатып, қос мемлекеттің туларын асқақтатты. Жиналған қауым көне көшпенділер өмірінен дайындалған толғанысты көріністерге қол соқты. Жақсы жұрты қонақтарды құрметпен шығарып салды.
Жақсы ауданынан аттанып кеткен салт атты көне қыпшақтар ұрпақтары мұнан кейін Ақмола облысының алты ауданында болып, ежелгі туыстық тілін насихаттай отырып, кешегі күні Астанаға келіп атбасын тіреді. Бенце Иштван өз уәдесінде тұрды. Салт аттыларды Астана төрінде қарсы алушылардың ілегінде біз де болып, Бенце Иштванға бірнеше сұрақ қойып үлгердік.
- Сіз Астанада бес рет болыпсыз, бүгін салт атпен елордамызға үшінші мәрте сапарға шығып отырсыздар. Мұның мәнісі неде?
- Ат - көшпенділер қанаты. Бұл экспедициямыз ұлы мәдениетіміздің жанды сұлбасын елестететін, ортақ салт-дәстүрлеріміздің, наным-сенімдеріміздің жаңғыру көрінісін білдіретін, өзара байланысымызды нығайтатын шара деп білеміз.
- Ерекше экспедиция қашан басталып еді? Түпкі мақсат?
- Қазақстаннан басталғанын айрықша құрметпен атап көрсетеміз. Оны бес жыл бұрын қолға алғанбыз. Чепин және Жолнай сияқты жолдастарыммен 7000 шықырымдық «Алтын адамнан» көне Аттиллаға» аталатын салт атты сапарға бел будық. Атақты Есік қорғанынан атқа қонып, әйгілі көсем Аттила жерленген венгр селосы Сайлада тізгін тартқанбыз. Біз «Жібек жолының» тарихи соқпақтарын басып, осыдан 770 жылдан астам бұрын қыпшақ-құмандар өткен Радий асуын бағындырғанымызды мақтаныш етеміз. Экспедиция мүшелері сапарымызға көмек-қолдау көрсеткен атқарушы органдарға, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігіне өлшеусіз алғыс.
Бастамамыз Венгрия тарапынан қызу қолдау тапты. Сөйтіп, Румыния, Украина, Грузия, Әзербайжан, Ресей арқылы Қазақстанға жеттік. «Тарихи ат шеруі» аталған екінші экспедициямыз 6000 шақырымды қамтыды. Астананың аламан тойына қатыстық. Венгрия баспасөзінде ондаған сұхбат, мақалаларымыз жарияланып, ғылыми еңбектер жазылды.
Түпкі мақсат дедіңіз. Астана күніне орайластырылған атты сапарымызды дәстүрге айналдыру. Сонымен қатар, бұған қазақ жігіттерін де қатыстыру.
- Сіздер Ақмолаға дейін Қазақстанның бірнеше облысының жерін басып келдіңіздер. Соның ішінде Ақмола облысының алты ауданында болдыңыздар. Алғашқы әсерлеріңіз қандай?
- «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген дұрыс. Қазақстанға жеткен соң көзіміз ашылды. Көл-көсір қауышу, аттарымызды суытуға, лаулап ауыстыруға мүмкіндік жасалды. Өзіміздің өлең төсегімізде жүргендейміз. Тіпті, Ақмола облысы Жақсы ауданының жұрты бізге Іштуған, Ескендір, Қасқырбай деп ат қойып алғаны қуантады. Міне, арайлы Астананы көріп шаттанып тұрмыз. Астана -әлемдегі ерекше қала. Көркі көз сүріндіреді. Әсерге әсер қосылатыны анық.
Астаналықтар салт атпен жеті мың шақырымдай жол жүріп, Астана тойына әдейілеп келген түпкі тегі бір бауырларды құрметпен, қошеметпен қарсы алды.