Мажарстан ЕО-ның миграциялық айыппұлына қарсы сотқа жүгінді
АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан ЕО Сотына шағым түсіріп, мигранттарды қабылдаудан бас тартқаны үшін салынған айыппұлды жоюды талап етті. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Мажарстан Еуропалық Одақтың сотына шағым түсіріп, елге мигранттарды қабылдаудан бас тартқаны үшін күн сайын салынатын 1 миллион еуро айыппұлды жоюды талап етті. Бұл туралы ел премьер-министрінің қауіпсіздік және заңсыз миграциямен күрес жөніндегі бас кеңесшісі Дьёрдь Баконди мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы Люксембургтегі ЕО Соты Еурокомиссияның бастамасымен Мажарстанға 200 миллион еуро айыппұл салған. Бұған елдің Еуроодақтың ортақ миграциялық пактіне бағынудан бас тартуы себеп болды. Шешім орындалмаған әр күн үшін қосымша 1 миллион еуро есептеліп отыр. Бір жылдың ішінде айыппұл сомасы 500 миллион еуродан асып кеткен.
— ЕО босқын мәртебесін беру туралы өтініштер үшінші елдерде емес, мысалы, Сербияда емес, Мажарстан аумағында қаралуы тиіс деп талап етіп отыр. Бұл шын мәнінде шекараларды заңсыз миграцияға ашуды білдіреді. Мұндай жағдайда үкіметтің жалғыз жолы ЕО сотына қарсы шағым беру, — деді Баконди M1 телеарнасына берген сұхбатында.
Ол Мажарстан үкіметі айыппұлдың өзін де, өсімін де төлеуден бас тартып отырғанын, сондай-ақ ЕО-ның миграциялық ережелеріне бағынбайтынын растады.
— Мажарстан шекара бақылауының қазіргі жүйесін сақтайды және ЕО сотының бұл алалаушылық шешімін халықаралық заңгерлік компания арқылы қайта қарауға ұмтылады, — деді кеңесші.
Бұл істі құрамында ЕО Сотының бұрынғы екі мүшесі бар беделді халықаралық заңгерлік фирма жүргізеді. Үкімет оның қызметін төлеуге 1,5 миллион еуро бөледі.
2024 жылы шығарылған сот шешіміне сәйкес, Мажарстан ЕО-ның ортақ миграциялық саясатына келіспейінше және ұлттық заңдарын еуропалық нормаларға сәйкестендірмейінше, айыппұл көлемі өсе береді. Айыппұл ЕО бюджетінен Мажарстанға тиесілі қаржыдан өндіріліп алынуы мүмкін.
Сарапшылар ЕО Сотының шешімін қайта қарау өте күрделі, бірақ мүмкін емес деп санайды. Қолданыстағы процедураларға сәйкес, шешімді қайта қарау үшін түзету, түсіндіру немесе қайта қарау туралы өтініш беру жолдары бар. Алдыңғы үкімді өзгерту немесе жою, жаңа мән-жайлардың ашылуына немесе шешім кезінде жіберілген заңдық қателікке байланысты мүмкін болады.