Мажарстан – Еуропадағы ең қауіпсіз туристік бағыттардың бірі
АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан Еуропадағы ең тыныш әрі қауіпсіз туристік бағыттардың бірі ретіндегі беделін тағы бір мәрте растады. Туризм саласы мамандарының бағалауынша, бұл елде қылмыс деңгейі төмен әрі шетелдік қонақтар үшін жайлы.

AZƏRTAC агенттігі BBJ іскерлік журналына сілтеме жасап хабарлағандай, Будапешт, Дебрецен және Сегед сияқты танымал қалалар туристерді таза көшелерімен, дамыған инфрақұрылымымен және жергілікті тұрғындардың қонақжайлығымен баурап отыр. Саяхатшылардың айтуынша, тіпті кешкі уақытта да көшелерде емін-еркін серуендеп, көне кварталдардың атмосферасынан ләззат алуға болады.
Мажарстанның туризм министрлігінің мәліметінше, шетелдік қонақтардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл – туристердің елге деген сенімінің айғағы. Осы орайда билік органдары саяхатшыларға арналған қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын арттыруға белсенді түрде инвестиция салып жатыр.
Сонымен қатар, мамандар туристерге танымал орындарда сақтық шараларын сақтап, жеке заттарына мұқият болуға кеңес береді.
Айта кетелік Мажарстанда туу көрсеткіші күрт төмендегені туралы жазған едік.