Мажарстанда екі тілді мектептер саны артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстанда білім беру екі тілде жүргізілетін мектептердің саны тұрақты түрде өсіп келеді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Бұл туралы елдің Білім министрлігінің есебіне айтылған. Екі тілдің бірі міндетті түрде мемлекеттік тіл – мажар тілі болса, екіншісі оқу орнының бағытына байланысты таңдалады. Көбінесе бұл ағылшын немесе неміс тілдері, алайда соңғы уақытта француз тілі де біртіндеп танымал бола бастады.
Білім министрлігінің мәліметінше, соңғы он жыл ішінде екі тілді бағдарламалары бар мектептер саны екі есеге жуық артқан. Бүгінде мұндай оқу орындары тек Будапештте ғана емес, өңірлерде де жұмыс істейді. Бұл елдің әртүрлі аймағындағы балаларға халықаралық стандарттарға сай заманауи білім алуға мүмкіндік береді.
Екі тілді білім беру үлгісіне сәйкес, тарих, география және жаратылыстану пәндері секілді кейбір сабақтар шет тілінде оқытылады. Мұндай тәсіл оқушылардың шетелде білім алуын жеңілдетіп қана қоймай, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, екі тілді сыныптарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді, ал ата-аналар мұндай мектептерді балаларының болашағына жасалған инвестиция ретінде қарастырып жатыр. Үкімет бұл үрдісті қолдап, екі тілді бағдарламалар желісін кеңейту мен мұғалімдердің біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.
Осылайша, екі тілді мектептер Мажарстанның еуропалық білім беру кеңістігіне ықпалдасуының маңызды құралына айналып келеді.
Бұдан бұрын Еуроодақ Мажарстанның кесірінен өзінің негізгі қағидасынан бас тартуы мүмкін екені анықталды.