Мәжіліс 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулерді мақұлдады

Айта кетейік, макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы негізінде 2015 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Бұл ретте республикалық бюджет кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2015 жылы 3 трлн 174,2 млрд. теңге мөлшерінде бағаланып отыр, бұл бекітілген жоспардан 45,8 млрд. теңгеге төмен. Кірістердің негізгі азаюы корпоративтік табыс салығы бойынша 183,5 млрд. теңгеге және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден түсетін әрі бөлінетін кедендік баждар бойынша 50,3 млрд. теңгеге күтіледі.
Республикалық бюджет тапшылығы 1 257,7 млрд. теңге мөлшерінде (2014 жылғы бюджет қаражатының 1,2 млрд. теңге сомасындағы тартылған қалдықтарын ескере отырып) немесе ЖІӨ-ге қатысты 3,0 % деңгейінде сақталды. 2015 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары бекітілген мөлшерге қатысты 66,5 млрд. теңгеге азайтыла отырып, 7 179,2 млрд. теңге көлемінде бекітіліп отыр.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.