Мәжіліс агломерацияларды дамыту туралы заң жобасын қарайды
Бірінші оқылымда депутаттар «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын ілеспе түзетулермен талқылайды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді және Қазақстанда агломерацияларды қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар, сондай-ақ тетіктер жасауға бағытталған.
Сонымен қатар Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобаларын қарайды.
Олар: БАӘ-мен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, Өзбекстан және Түрікменстан елдерімен азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер.
Екінші оқылымда депутаттар Қылмыстық-процестік кодекске сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қарайды.
Алдағы жалпы отырыста палата комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алуды көздеп отыр.