Мәжіліс Ауғанстанмен төтенше жағдайлардың алдын алуда ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады

Аталған келісімге 2015 жылы 20 қарашада Астанада қол қойылған болатын. Заң жобасын ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов таныстырды.
Министрдің сөзіне қарағанда, келісімді ратификациялау төтенше жағдайларды мониторингілеу мен болжау саласында тәжірибе алмасуға, қатерлер кезінде халықты іс-қимылдарға даярлауға, азаматтық қорғаныс саласында мамандарды оқытуға, тұрақты негізде халықты қорғау тиімділігін арттыру мақсатында бірлескен тақырыптық конференцияларды, семинарларды, оқу-жаттығуларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар аумағында ТЖ-ны жою кезінде қысқа мерзімде көмек ұсыну қамтылған.
«Заң жобасы теріс салдарға әкеліп соқтырмайды, сонымен қатар оны қабылдау тараптардың аумағында табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға ықпал етеді», -деді министр.
Келісімде тараптардың ынтымақтастығын жүзеге асыру нысандары көзделген, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету тәртібі айқындалған.