Мәжіліс авторлық құқық саласына қатысты құжатты қабылдады

Келісімге 2021 жылғы 12 қарашада ТМД Үкімет басшыларының отырысында ТМД-ның сегіз мемлекеті қол қойды. Құжат авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін Достастыққа қатысушы мемлекеттердің аумағында цифрлық ортада, оның ішінде Интернетте пайдалану мәселелерін реттеуге бағытталған.
«Келісім ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық объектілеріне және сабақтас құқықтарға қатысты құқықтардың бұзылуына қарсы іс-қимыл тетіктерін құру жөніндегі шараларды әзірлеп, іске асыру бағытында жүзеге асырылады. Келісімнің мақсаты - заңнаманы жетілдіру, осы салада заң бұзуға жол бермеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, сондай-ақ ақпаратпен, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу», - деді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.
Оның айтуынша, ТМД-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасында семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жоспары ескерілген. Бұл келісім цифрлық ортада авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды сақтау әрі қорғау саласындағы халықаралық нормативтік-құқықтық базаны дамыту аясында бекітілді.
«Мәселен, 2020 жылы Қазақстан Республикасында лицензияланбаған 24 шетелдік интернет-ресурс анықталды. 2021 жылы осындай 40 интернет-ресурс белгілі болды. Олар туралы ақпарат бұғаттау туралы мәселені қарау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Келісім цифрлық ортада зияткерлік құқықтарды сақтау және қорғау саласында болатын проблемаларды шешудің жалпы тәсілдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Келісім аясында қамтылған тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД аясында Зияткерлік меншікті құқықтық сақтау және қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңеске жүктелген. Тараптар ынтымақтастықты өздерінің уәкілетті органдары арқылы жүзеге асыратын болады. Осы орайда Қазақстан Республикасында Әділет министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Жоғарғы сот ескерілген», - деді министр.
ҚАталған құжат бойынша қазіргі кезде мемлекетішілік рәсімдерді Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасы өткізді.