Мәжіліс «Байқоңыр» кешенін Ресейге жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімді мақұлдады

АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған келісім аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағының инфрақұрылымын жаңғыртудың және оның тарихи маңызы бар нысандарын сақтаудың маңыздылығы танылады.

«2004 жылдың қаңтарында Астана қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттері қол қойған бұл келісімнің «Байқоңыр» кешенін дамыту мен тиімді қолдану үшін маңызы өте зор. Құжат бойынша «Байқоңырдағы» екіжақты ынтымақтастық одан әрі дами түседі, ғарыш кешенін сапалы жаңа деңгейге көтеру көзделеді. Атап айтқанда, екі мемлекет басшылары осы мәселеге қатысты жаңа міндеттер жүктеген болатын. Ол бойынша қазақстандық және ресейлік мамандар мен ұйымдар бірлескен жобаларды іске асыруға бірдей шарттармен қатысатын болады. Сонымен бірге, «Байқоңыр» зымыран-ғарыш кешеніндегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері де жаңа деңгейде қойылатын болады. Қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізу қажеттігі қарастырылады», деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

Оның айтуынша, келісім аясында зымырандық отын ретінде жоғары уытты компоненттерді пайдаланатын зымыран тасығыштарды сатылап қысқарту шаралары көзделіп отыр. Бұл бағытта «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтитын «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін құру шаралары да қарастырылған. «Осылайша, Келісімнің «Байқоңыр» кешенін дамыту үшін маңыздылығы зор болып табылады әрі құжат Қазақстанның ғарыш саласының сатылап қалыптасуына септігін тигізеді. Бұндай қадам бұған дейін Қазақстанда болған емес», деді Т. Мұсабаев.

Келісім бойынша «Байқоңыр» кешенін Ресейге жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар