Мәжіліс Бейнеу-Шымкент газ құбырын салу бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келісімді мақұлдады

Хаттамаға сәйкес Бейнеу - Шымкент газ құбыры Қазақстан - Қытай газ құбырының екінші учаскесі ретінде қарастырылады. Құжаттың негізгі мақсаты Бейнеу - Шымкент газ құбырын салу мен пайдалану бойынша Қазақстан - Қытай арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
Сондай-ақ хаттама ҚР заңдарында көзделген өзге ережелерді қарастырмайды. Мәселен құрылып жатқан бірлескен кәсіпорынға тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бөлігінде Қазақстан заңнамасының нормалары мен өзге ережелері қолданылмайды. Сондай-ақ бұл кәсіпорын екінші учаскені салу үшін тартылған қаражаттарын қайтару күні аяқталғанға дейін кеден баждарынан қосымша салықтан, мүлік салығынан босатылады. «Газ құбыры трассасы Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өтеді. Сондай-ақ Бейнеу - Шымкент газ құбыры Орталық Азия - Орталық, Бұқара - Орал, Ташкент -Бішкек - Алматы, Қазақстан - Қытай секілді барлық газ құбырларын қосады. Бейнеу - Шымкент газ құбыры 349 шақырымда қазақ - өзбек шекарасының жанында Қазақстан - Қытай газ құбыры компрессорына қосылады. Аталған бағыт бойынша газ тасымалдау тарифі 100 шақырымға 1000 текше метр үшін 4,68 доллар деңгейіне болжанады. Бірақ бұл түпкілікті баға емес», деді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.
Оның айтуынша, жобаны іске асыру Қазақстанның 400 жуық елді мекенін қамтыған. Тұрғындардың жалпы саны 2 млн. адамға дейін бұрын газбен жабдықталмаған Қызылорда облысының аумағын, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының Солтүстік аудандарын газбен жабдықтау мүмкіндігін арттырады. Жобаны іс асыру құрылысы барысында 9 мыңнан астам жұмыс орны, газ құбырын пайдалану үшін 500-ге тарта жұмыс орны ашылады деп күтілуде.