Мәжіліс БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасымен ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдады
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.
Аталған келісімге 2007 жылғы қарашада Астана қаласында қол қойылған болатын. Келісім негізгі шарттардан тұрады. Ол бойынша БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасы өзінің мандаты шеңберінде ел Үкіметімен ынтымақтасады. Елімізде өз өкілдіктерін ашып, босқындар мен басқа да азаматтарға өз құзыретіне жататын көмек көрсету функцияларын жүзеге асырады. Бұдан бөлек, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасы елімізде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың арасында қарым-қатынасты орнату мен қолдауды қоса алғанда, оның құзыретіне жататын босқындар мен басқа да адамдарға қатысты өзінің мандатына сәйкес Жоғарғы Комиссар ұйғарған функцияларды да жүзеге асырады.
Қазақстан Үкіметі БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасына оның мүлкіне, қаражаты мен активтеріне, сондай-ақ оның лауазымды адамдары мен іссапарда жүрген сарапшыларына 1946 жылғы 13 ақпандағы БҰҰ-ның артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияның тиісті ережелерін қолданады.