Мәжіліс бюросында Палатаның алдағы жалпы отырыста қаралатын мәселелер белгіленді

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жаңа құжаттар үш топқа бөлінеді: алғашқысы - Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы, Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және дамуы туралы келісімдерді ратификациялау жайында.
Екінші топта Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің жобасы ілеспе түзетулерімен бар. Үшінші топқа жер қатынастарын реттеу мәселелеріне қатысты түзетулер қосылып, онымен Палатаға жұмысты жалғастыру үшін салалық комитетке қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылау қажет.
Палатаның күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Елбасы шұғыл деп жариялаған заң жобасы қосылды.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне бірінші оқылымға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізіліп отыр.
Депутаттарға атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы екінші оқылымға ұсынылды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин салалық комитеттерге Палатаның жалпы отырысына шығарылатын заң жобаларын мұқият әзірлеуді тапсырды.