Мәжіліс Бюросының Жаңа жылдағы алғашқы отырысы өтті

Мәжіліс Төрағасы әріптестеріне биылғы жылдың аса маңыздылығы, Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету миссиясына кірісуі тәуелсіз мемлекетіміздің алдына үлкен міндеттер жүктеп отырғандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бюро отырысында Палатаның салалық комитеттерінің ұсынысымен Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі жобасына шығарылатын заң жобалары сараланды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жасырын басқару жүйесін құрудың негізгі қағидаттары туралы келісімді, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы келісімді бекітуді көздейтін заң жобалары депутаттар талқысына шығарылатын болды.
Бюро отырысында парламентшілердің халықаралық форумдарға қатысуы туралы мәселе қаралды. Оның ішінде қаңтардың 28-29-ы күндері Мәскеу қаласында өтетін Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік форумының жұмысына қатысу туралы мәселе қаралды.
Отырыста Палатаның заң шығару қызметіне қатысты және басқа да мәселелер қаралды.