Мәжіліс депутаттары Ақтөбедегі теракті құрбандарын еске алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында депутаттар 5 маусымда Ақтөбе қаласында орын алған террористік акті салдарынан көз жұмғандарды бір минут еске алды.

«ҚР Президентінің өкімімен Ақтөбедегі террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты 9 маусым Ұлттық аза тұту күні ретінде жарияланды. Осыған байланысты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысын бастамас бұрын Мәжіліс депутаттарына, басқа да қатысушыларға террористік акті құрбандарын бір минуттық еске алуды ұсынамын», - деді отырысты ашқан фракция жетекшісі, Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исімбаева.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласында жасалған террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы өкім шығарған болатын.

«Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен қайғырып көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер Отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда»,-деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар