Мәжіліс депутаттары әскерде сарбаздармен бірге жаттығып жатыр
Мәселен, Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әскери өмір жайлы ойымен былай деп бөлісті.
«Таңғы сағат 06:00 ояндық. Таудың таңы суық екен. Бушлаттарды киіп, жаттығуға кірістік. Төсек жинап, өз палаткамыздың жан-жағын жинастырдық. Судың қадірін осындай жерде біледі екенсің. Екі бөшке су 217 адамға. Таңғы ас сағат 07:55-те. Оған дейін барлығымыз жаттығу жасадық. Қирап қалған сүйекті сықырлаттық. Асхана да жылжымалы әлбетте. Қарақұмық пен ботқа беріп жатыр», - деді Самат Нұртаза.

Халық қалаулысы ол жерде тек жаттығып жатпағанын жеткізді. «Әскерилердің өмірі жауапкершілікпен ауыр. Жалақылары да айтарлықтай көп емес. Шекарашылар жеке сұхбатта 170 000-220 000 тг аралығында жалақы алатынын да айтып қалды. Ең қызығы, теория жүзінде шекара бекетінің жау шапқан кездегі өміршеңдік уақыты 15 минут екен. Яғни шекара бекетінің міндеті – жауды 15 минут ұстап тұру. Болды.

Ойлап қарасаң, қиын-қыстау заманда, жаумен беттесетін де осы шекарашылар. Айналамызда жүрген сарбаздардың барлығы – 2003 жылы дүниеге келген жігіттер. Нағыз патриоттар. Көздерінде от. Бұйрықты екі айтқызбай орындайды. Қазақстанның әр аймақтарынан жиналған балалар. Ақырындап «Әлімжеттік» туралы сөзге тартып едім, «бізде жоқ», «білмеймін», «бұрын болған шығар» деген жауап алдым. Ләйім солай болғай. Әрине, мінез-құлқынан, сарбаздардың жүріс-тұрысынан кім «лидер», кім «момын» екені сырттай байқалады. Ер-азамат ұжымының өз атмосферасы болатыны да анық. Мүмкіндігімізше, сарбаздардың тұрмыс-тіршілігі туралы жазармыз», - деп ой бөлісті.
Ал депутат Болат Керімбек курсанттармен бірге Алатаудың шыңдарын бағындырғанын жеткізді.
«Алматы шыңын бағындырдық. 3 475 метр биіктіке шықтық.15,4 шақырым жол жүрдік. 22 064 қадам жүріп өттік. Денсаулыққа пайдалы жаттығу болды», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары Максим Рожин, Болат Керімбек, Олжас Құспеков және Самат Нұртаза шекарашылармен бірге әскери өмірдің тұрмыс-тіршілігімен танысып жатыр. Мақсат – әскердегі жағдайды өз көзімен көру, танысу, білу.
Депуттардың әскери өмірмен танысу жоспары 16-31 шілде аралығында жалғасады. Алғашқы 5 күнде олар сарбаздармен бірге жаттығу жүргізсе, қалған күндері Қытай және Қырғыз елдерімен шектесетін шекаралық аймақтың тыныс-тіршілігімен де танысады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Алматы облысының таулы аймағындағы лагерьде шекарашылармен бірге дайындықтан өтіп жатқанын жазған едік.
