Мәжіліс депутаттары Қызылжар өңірінде болды

Халық қалаулылары облыс активімен кездесу өткізді. Актив жиналысында депутаттар Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді айта келе, бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аз уақытта атқарған заң шығарушылық жұмыстарына тоқталды. Актив жиналысында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП мүшесі Абай Тасболатов, аймақта атқарылған келелі істер мен оң өзгерістерді атап өтті. Облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында жабық спорт кешені жоқ республика бойынша бірден-бір аймақ екенін атап көрсетіп, басшылардың осы мәселені ескеру керектігін еске салды. Сонымен қоса депутат ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің мәртебесі, Чернобыль зардабын жоюға қатысқан адамдардың мәртебесі бойынша залдан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ ол, биылғы Елбасы Жолдауы мемлекет дамуының алдағы онжылдықтағы басым бағыттарын айқындап бергенін, ел экономикасының жаңа өрлеуі арқылы Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері ашылғанына тоқталды. Жолдауда дағдарыстан кейінгі экономиканы дайындау тетіктері жан-жақты қарастырылып, елді индустрияландыру ісін жеделдету арқылы жаңа биіктерге көтерілетініне тоқталды.