Мәжіліс депутаттары уран мәселесі жөніндегі қауесетті палатаның жалпы отырысында тағы бір мәрте ресми түрде жоққа шығаруды талап етуде

АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы барысында Комитет төрағасы Әмзебек Жолшыбеков Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі тарапынан Қазақстанның Иран Ислам Республикасына уран жеткізу туралы әлдебір келісімге қатысы бар деген ақпаратты ресми жоққа шығару қажеттігін еске салды.
None
None

Депутат бұл тұрғыда алдағы палатаның отырысында аталған мәселе туралы тағы бір мәрте ресми жариялауды өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы желтоқсанның соңына таман ҚР Сыртқы істер министрлігі кейбір БАҚ таратқан Иран Ислам Республикасына уран жеткізу туралы әлдебір келісімге Қазақстанның қатысы бар деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарып, аталмыш ақпаратты ел абыройына кір келтіретін, негізсіз қауесет деп мәлімдеген болатын.

«Біраз жұртшылықты алаңдатқан бұл мәселе ертеңгі палатаның жалпы отырысында да көтерілуі мүмкін. Сол үшін Мәжілістің отырысында ресми түрде бұндай ақпаратты жоққа шығару туралы мәлімдеме жасалуы шарт. Қазірдің өзінде осыған байланысты неше түрлі алыпқашпа әңгімелер болып жатыр. Сондықтан да бұндай мәлімдеменің ресми күші мен салмағы да болуы тиіс», - деді Комитет төрағасы Ә. Жолшыбеков.

Тоқтала кететін жайт, желтоқсанның 30-ында ҚР Сыртқы істер министрлігі уран мәселесіне қатысты ақпаратты жоққа шығарған болатын. Онда : «Әлемде төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып және әлемдегі екінші ірі Семей сынақ алаңын жабу арқылы Қазақстан дүние жүзі мемлекеттері мойындаған әлемдік қарусыздану мен қаруды таратпау процесінің көшбасшыларының бірі болып табылады. Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қосарлы қолданыс материалдарын қатаң бақылауда ұстау қағидаттарын қалтқысыз ұстанады. Қазақстандағы ядролық материалдарға қатысты барлық шаралар, оның ішінде атом энергетикасын бейбіт мақсатқа қолдану саласындағы басқа елдермен ынтымақтастығымыз, Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттігі берген жан-жақты кепілдерге сәйкес жүзеге асуда. Қазақстан таратылған ақпаратқа Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік тарапынан тиісті баға берілетініне сенеді», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар