Мәжіліс депутаттарының парламентаралық ынтымақтастық кездесулері жалғасады

Атап айтқанда, ақпан айының ортасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан-АҚШ» парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Гүлмира Исімбаеваның Қазақстандағы АҚШ Елшісінің орынбасары Э. Миллард ханыммен кездесуі жоспарланып отыр. Олар кездесу барысында тараптардың өзара байланысы мен парламентаралық ынтымақтастығын кеңейту жолдарын қарастыратыны күтілуде. Қазақстан жағынан аталған жүздесуге депутаттар О.Киколенко мен А.Қожахметов қатысатыны жоспарланған. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сонымен қатар, осы айда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанат Жарасов Санкт-Петербор (Ресей Федерациясы) қаласына ТМД ПАА жанындағы Бірлескен комиссиясының лаңкестік пен қылмыс және нашақорлыққа қарсы күрес саласында заңнамаларды үйлестіру бойынша өтетін отырысының жұмысына, сондай-ақ ТМД ПАА жанындағы Тұрақты комиссиясының қорғаныс пен қауіпсіздік мәселесі бойынша отырысына қатысады деп күтілуде.
Тоқтала кететін жайт, бұған дейін Мәжіліс депутаты, ҚХКП ОК хатшысы Владислав Косарев International Crisis Group аймақтық кеңсесінің шолушысы Татьяна Купермен, ал Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі С.Тулмен кездескен болатын. Сондай ақ депутат Зағипа Балиева Біріккен Ұлттар Ұйымының балаларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық төтенше қорының Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД және Орталық Азия елдері бойынша кеңесшісі П.Эвенспен жүздесіп, тараптар «Балалар құқы бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын талдады.
Ал Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі К. Фэйрфакспен кездесті. Әңгіме барысында тараптар мемлекеттердің екіжақты қатынастарын заңнамалық ұйымдар деңгейінде тереңдете түсу мәселесін талқылады. Аймақтық қауіпсіздікті тұрақтандыру, соның ішінде Ауғанстаннан алда тұрған халықаралық әскер күштерін шығару, мәселесіне баса назар аударылды.