10:47, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты А. Жазин Сандықтау ауданында сайлаушылармен кездесті
КӨКШЕТАУ.Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Жазин Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданындағы сайлаушылармен кездесіп, Парламенттегі заң шығарушылық жұмыстар, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы қолға алынып отырған іс-шаралар турасында ойын ортаға салып, жұртшылық толғандырған сауалдарға жауап берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәжіліс депутаты сайлаушылар алдында өткен мерзімде қаралып, қабылданған бірқатар заң актілері турасында түсінік берді. Әңгіме барысында әлемдік қаржы дағдарысы, соған орай Үкіметте, Парламентте белгіленген іс-шаралар, Салық, Бюджет кодекстері, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, қаржы дағдарысына төтеп беру, өңірдің әлеуметтік ахуалын жақсарту, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті өркендету жайында жұртшылық тапапынан қойылған сауалдарға жауап берді, бірқатарын өз бақылауына алды. Сондай-ақ аудандық ауруханада, Максимовка селолық округінде кездесулер өткізіп, аудандық мәслихат сессиясының жұмысына қатысты. Халық қалаулысы бұған дейін «Нұр Отан» ХДП Көкшетау қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өткізген болатын. Ол алдағы күндері Зеренді, Сандықтау, Щучье, Еңбекшілдер аудандарында болып, сайлаушылармен кездесіп, пікір алмасады.