Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов: Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірінің куәсіміз

- Әбдіманап Елікбайұлы, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы туралы пікіріңізді білсек деп едік?
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен танысып, халқымыздың тамыры терең тарихына бойлап, толғандық. Өткеннен өнеге алып, болашаққа бағдар жасау саналы ұрпақтың өнегесі. Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ жерді ұрпағына қалай аманат етсе, біз де келер ұрпағымызға жерімізді ата дəс түрімізді, салт-мəдениетімізді, тарихымызды сол қалпында жеткізуіміз шарт. Осы мақсатта Елбасы туған халқының бар болмысын тереңнен суыртпақтап алдымызға жайып салды. Төл тарихын бағалай білетін халықтың болашағы үлкен. Оны насихаттау, маңыздылығын халыққа жеткізе білу болашаққа деген көзқарасты танытудың басты жолы. Президентіміз: «Бұл - тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дəйектеріміз де жеткілікті» дейді Елбасы өз мақаласында.
Дəуір талабына орай туындаған өркениет талаптарына жауап беру тұрғысында жазылған мақала ілгері басуымызға, ұлт ретінде өткенімізді ойға оралтып, игі жетістіктерге жетуімізге жол ашары анық. Бүгінгі күн - ертеңгі тарих. Дәл осы уақытта біз Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірінің басталуына куә болып отырмыз.
- Мақала несімен құнды?
- Мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деп білемін. Ол мақала бүгінгі қазақ халқының тарихи бастауларына, территориямызда түрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген протомемлекеттік бірлестіктердің адамзат өркениеті мен әлемдік тарихқа қосқан үлесін зерделеп, бағалауды және рухани жаңғыру үрдісін жаңа сапалық деңгейде жалғастыруды көздеп отырғанымен құнды. Еуразия даласындағы саяси үрдістерде зор рөл атқаруымен бірге, ата-бабаларымыз кең-байтақ территорияда бүкіләлемдік мұраны құрайтын зор мәдени жетістіктер шоғырын жасап шығарды. Осы уақытқа дейін еліміздің аумағынан табылып келген Ұлы даланың жәдігерлері біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарды игере білгендігін куәландырады. Ұлы Даланың мекендеушілері ойлап тапқан бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар ХІХ ғасырға дейін пайдалынып келді. Дала халқы өз кезеңі үшін таптырмас материалдық құндылықтарды шығарумен бірге, мәдениеттің озық үлгілерін де қалыптастырды. Соның ішінде шоқтығы биік атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының Еуразиядан тарағандығы тарихтан белгілі. Адамзат өркениетіне үзеңгіні ойлап тауып қосқан Ұлы Даланың иелері ат әбзелдерін жасап, пайдалану ісінде адамзат өркениетінің өз заманы үшін озық үлгісін қалыптастырды. Бұдан бөлек, Ұлы дала қожайындарының металлды игеруі тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, тек Еуразия даласын ғана емес, тұтастай адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Ал Есік қорғанынан табылған Алтын адам сақ тайпаларының алтын өңдеу техникасының жоғары меңгергендігін тұтас әлемге дәлелдеді.
Менің ойымша, осы мәселелердің барлығы ата-баба мұрасын әлі де терең зерттеп-зерделеуді, оны әлемге таныту арқылы қазақ халқының әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен абыройын асқақтатуды мақсат тұтады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Елбасы бірнеше ірі жобаларды ұсынып отыр. Олардың алғашқысы ретінде «Архив - 2025» жобасының аталуы тегін емес. Еліміздің тәуелсіздігінің ширек ғасыры ішінде өткенімізге қатысты деректерді шет елдік архивтерден іздестіріп, жинау бағытында көптеген игі істер атқарылды. Қытай, Иран, Мысыр, Ресей тағы басқа елдердің мұрағаттарындағы Қазақстан тарихына қатысты тарихи деректер, қолжазбалар, кітаптар жинау жұмыстары жүргізіліп, бір ғана Қытай елінен қазақ тарихына байланысты 5500-дей тарихи деректер әкелінді. Дегенмен, ата-бабаларымыздың өмірі мен өркениетіне қатысты көптеген деректі құжаттар әлі де болса Отандық және әлем архивтерінде сақтаулы және ғылыми айналымға әлі түскен жоқ. Міне, осы маңызды деректерге іргелі зерттеулер жүргізіп, ғылыми айналымға енгізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы мен орны бөлек болғалы отыр. Мақалада архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажеттілігі нақты айтылды.
- Мұның өскелең ұрпаққа берері де көп қой?
- Әлбетте! Елбасы көтеріп, тапсырма беріп отырған мектептер мен өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру ісін алфып қараңыз. Мұның өзі барша қазақстандықтар бойында өз тарихи бастауларына деген ортақ жауапкершілікті қалыптастыратындығы сөзсіз.
Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі жəне болашақтағы - тарих толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа, қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет», - деп атап өткен еді. Осының өзінен өмір ақиқаты бар екендігі байқалады. Қазақ халқының тарихында қаншама жасампаз ұлы тұлғалардың болғандығы белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтып, дәріптейді. Қазақтың да шежірелік зердесінде жеке тұлғалар тарихтың қозғаушы күші болып келді. Ұлы даланың әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды тұлғаларының ел тарихындағы салмақты орнын бағалап, бағамдау бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы ретте Елбасы ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашудың маңызы - жас ұрпақтың тарихи тұлғаларымызды ұлтымыздың баға жетпес символдық капиталы ретінде тануына үлес қосары сөзсіз.
Түйіндей айтқанда, қазіргі жаһандану үрдісінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың тиімді жолы - ұлттық мәдениетіміз бен өркениетімізді сақтап, рухани байлығымызды ұлықтау болатын болса, осы бағытта түркілік түп-тамырымызды бағамдаудың орны бөлек. Ендеше Елбасы мақаласындағы Түркі өркениетінің тарихына қатысты көтеріп отырған жобалары, халқымыздың рухани орталығы ретіндегі Түркістан қаласын көркейтіп, дамыту бағытындағы бағдарламалары әбден-ақ құптарлық шаралар деп білеміз. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың сан мыңжылдық мұрасының бүгінгі цифрлық өркениеттің сұраныстарына толық сай келуіне мүмкіндік береді. Елбасының халқымыздың тарихи шежіресін, этногенетикалық арқауын, рухани төлтума дәстүрін тереңдете тарата отырып, әлемге қазақ халқының адамзат өркениетіндегі орнын жаңа қырларымен танытуы ұлттық тарихымызды заманауи сабақтастықта зерделеу арқылы болашақтың тұғыртасын берік орнатуға жасалған ұлы қадам деп түсінуіміз қажет.
- «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды»,- деген еді абыз тұлға Әбіш Кекілбаев. Сөз соңында алдағы Президент сайлау туралы пікіріңізді білсек?
- 2019 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы болатынын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, ең бірінші кезекте сайлаудың ашық, әрі әділ болуына кепілдік беретінін хабарлады. Бұл аса маңызды шаруа. Халқымыз алдағы сайлауға бірігіп атсалысып, өз таңдауын жасай отырып, әркімнің өзіне артылған үлкен жауапкершілікті сезінуі қажет. Біздің елде өтетін Президент сайлауы халықаралық талаптарға сай, әділетті өтеді деп сенемін.
Тәуелсіз Қазақстанды құру, бүкіл дүниежүзіне таныту жолындағы Елбасының еңбегі орасан. Оны тәптіштеп айтып жатудың өзін де артық санаймын. Басқасын айтпай-ақ қояйық, осы жылдар ішінде мынандай тәуелсіз елдің елордасын салып берген Елбасының бір ғана еңбегінің өзі не тұрады?! Сондықтан да, мен ойлаймын Мәңгілік Еліміздің алдағы асар асулары мен бағындырар биіктерінде болашақ ұрпақтың аузымен аңызға бергісіз тарих болып мәңгі айтыла берері даусыз!
Әңгімеңізге рақмет!