19:49, 30 Сәуір 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты Егор Каппель: Қазақстанның бүгінгі таңда экономикалық жағынан нық тұрғаны ? халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасы
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - 2007 жылы Егор Каппель Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланды. Бүгінгі таңда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамында заң шығару қызметімен айналысып келеді. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі.

Ол 1957 жылы Ақмола облысы, Астрахан ауданында туған. Осы облыста аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, кеңшар директоры, Аршалы және Ерейментау аудандарының әкімі қызметтерін атқарды. Е.Каппель ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді. - Егор Яковлевич, Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай ой-пікірлеріңізді ортаға салсаңыз? ? Әр жылдары тағдыр айдап Қазақстанға ұлттар мен ұлыстар көшіп келді. Қазақ халқының қонақжай, кеңпейілдігінің арқасында осы елге жан-жақтан күшпен көшірілген неміс те, кәріс те, басқа ұлттар да сыйды. Соның нәтижесінде ынтымағы жарасып, бейбіт өмір сүріп жатыр. Мен қазақ халқына алғыс айтамын. Қазақтардың өздері де азапты жылдарды бастан кешті. 1930-40 жылдары ашаршылық пен қуғын-сүргінде, Ұлы Отан соғысы кезінде халық саны өте азайып кеткенін білеміз. Солтүстік өңірде тұратын қазақтар ана тілінде сөйлеуден қалып бара жатқан еді. Тәуелсіздіктің арқасында тілі, салт-дәстүрі қайта жаңғырды.
Қазақстанның бүгінгі таңда экономикалық жағынан нық тұрғаны ? халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасы. Мемлекеттік тілі, Әнұраны, Елтаңбасы, Туы бар елдің жастары жаңа рухта тәрбиеленуде.
1 мамыр ? Қазақстанның барлық халықтарының ортақ мейрамы. Бұл күні әр ұлт өзінің салт-дәстүрін, өнерін көрсетеді. Еліміздегі 130 ұлт өкілі Қазақстан деген үлкен шаңырақтың уықтары іспеттес. Бұл күні тек ұлттар ғана бірігіп қоймай, еңбек ұжымдары, мемлекеттік мекемелер бірлесіп концерттер қойса, салт-дәстүрлер бойынша көріністер көрсетсе, жарасымды болмақ.
- Көп ұлтты қазақ елінің мәртебесі Парламентте де көрініс тауып отырғаны анық. Өзіңіз де Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайландыңыз...
- Қазақстанда 130-дан астам ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұны ұлттардың жиынтығы деп емес, өзіндік қалыптасқан өнері, мәдениеті, салт-дәстүрі бар халықтардың бізге сыйлаған байлығы деп түсінгеніміз абзал. Қазақстан ? өркениетке бағыт алған ел. 1995 жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, оның төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін жақсы білесіздер. Жаһандық өзгерістерге орай, қоғамның жаңаруына сәйкес Ассамблеяның рөлін күшейту қажет болды. 2007 жылы Коституцияға толықтырулар енгізілді. Соның нәтижесінде Мәжіліске Ассамблеядан 9 депутат сайланды. Бұл маңызды қадам деп білемін. Оның ішінде әр түрлі этникалық топтың өкілдері бар. Алайда, олар өз ұлттарының ғана өкілі болып есептелмейді. Елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыстардың атынан сайланып отыр. Егер Ассамблеядан сайланған депутат тек өз ұлтының мүддесін ғана қорғайтын болса, онда 9 емес, 130 ұлттан 130 депутат сайлау керек болады ғой. Сондықтан олар барша ұлттардың атынан келіп отыр. Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» тобы құрылды. Бүгінгі таңда көптеген игі шаралардың ұйымдастырушысы болып отыр. ? Енді Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі мен ықпалы туралы айтып өтсеңіз?
? Аталған ұйымның мақсаты елдің ынтымағын нығайту, осы мақсатқа барша қазақстандықтарды біріктіру. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданды. Ол осы ұйымның құқықтық негізі мен мәртебесін айқындап берді. Бұл да халықтар достығын нығайтуға қызмет етеді деп есептеймін.
2008 жылы күзде Қазақстан халқы Ассамблеясының 14 сессиясы өтті. Онда Мемлекет басшысы Ассамблея алдына жаңа міндеттер қойды. Соның біріне тоқталсам, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды айтар едім. Бүгінгі таңда орыс тілді ағайындар 32 пайызды құрайды. Бұған барлық этностар кіріп отыр. Біздің тұрмысымызда «тарихи Отан», «екінші Отан» деген ұғымдар қолданылып жүр. Ал Қазақстанда туған жастардың мұндай екіұдай ұғымы болмауы тиіс. Әрине, аталары Ресейде, не Украинада, немесе Қырғыз елінде туған соң, олардың «тарихи Отаны» деген сезімдері бар шығар. Ал олардың балалары осы елде дүниеге келсе, екі Отаны болуы мүмкін емес. Жас ұрпаққа осыны ұғындыруымыз керек. Мен қазақтың мақалдарын айтар едім. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген аталы сөз бар. Сол секілді «Адамда екі Отан болмайды» деген қанатты сөздің де мағынасы терең. ? Ұлттар достығының жастарға берер тәрбиесі туралы пікіріңізбен бөліссеңіз?
? Мен жастарға «Уақытты босқа өткізбеңдер. Мемлекеттік тілді меңгеріңдер. Қазақ тілі ? тартымды тіл», - деп айтып жүрмін. «Сен жүз пайыз тілді білуің керек» деп қатты айтқанымыз жөн болмас. «Егер сен мемлекеттік тілді білмесең, бәсекеге қабілетті бола алмайсың. Тіл білсең, өміріңде үлкен жетістіктерге қол жеткізесің», - десек, жастар жақсы ұғынатыны даусыз. Бүгінгі таңда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, оның Тіл комитеті мемлекеттік тілді дамыту мақсатында тілді үйренемін дегендерге қолдау жасап, көп істер атқарып келе жатыр. Мен аталған министрлік ұйымдастырған семинарлар мен отырыстарға қатысып жүрмін.
Бұрын өз ана тілін жеткілікті деңгейде білмеген қазақтардың қазір тілді біраз меңгеріп үлгіргенін анық байқауға болады. Көптеген лауазым иелері Мәжіліске келгенде баяндамаларын қазақ тілінде жасайтын деңгейге жетті. Күні кеше ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев бәрімізді таңғалдырып баяндамасын түгелдей мемлекеттік тілде оқып шықты. Әрине, төселіп кетпесе де, талпынысы жақсы екенін әріптестерім атап өтті. ? Тілін білген адам сол халықтың ішкі жан-дүниесін тереңірек сезіне алады. Сіз қазақ тілін қаншалықты білесіз?
? Ерейментау ауданында әкім болып қызмет еттім. Онда тұрғындардың 82 пайызы қазақтар. Қазақ халқының көптеген жақсы дәстүрлерін біз де бойымызға сіңіріп өстік. Қазір отбасымның бірнеше ұлт өкілдерінен құралғанын айтар едім. Күйеу балам татар, бір келінім қазақ, екіншісі украин қызы. Қазақстанда тұрып жатқандықтан отбасымызда қазақ халқының дәстүрі басымдыққа ие.
Менің көп адамға айта бермейтін құпиям да бар. Рамазан айында ораза ұстаймын. 1997 жылы әкем қайтыс болды. Соның құрметіне сол кезден бері қарай 11 жылдан асты отыз күн оразаны қатаң ұстаймын. Іштей тазарамын. Намазға барамын.
Қазақ тілін Абайдың ұлы тілі деп санаймын. Өмірде қателіктер жіберген шығармын, қазір қателерімді түзетіп жүрмін. «Ұлы Абайдың тілінде өте жетік сөйлеуім керек» деп өзіме сөз бердім. Әзірге қазақ тіліне шешен емеспін. Үйрену үстіндемін. Парламенттегі қазақ тілі сабағына тұрақты қатысып жүрмін. Жиналыста әріптестерім қазақша сөйлеп отырғанда аудармашысыз түсінемін. Кейбір ғылыми немесе әдеби сөздерді түсінбей қалуым мүмкін, дегенмен сөйлеушінің негізгі ойын ұғынамын. Тұрмыстық деңгейдегі қарым-қатынасқа қара жаяу емеспін.
Мен өзімді орта жүздің ішіндегі Қаракесекпін деп есептеймін. ? Не себепті?
? 1941 жылы Еділ жағалауынан көшіргенде аталарымыз бен әжелеріміз Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына келіп қоныс тепкен. Қазақтардың қамқорлығын көп көріпті. Ол кезде әке-шешем жас болыпты. Кейін әке-шешем Ақмола облысының Астрахан ауданына көшіп келіпті, мен сол ауданда дүниеге келдім.
Кейін Ерейментауда қызмет істеген кезімде сол жердегі қазақтардың негізгі руы Қанжығалы болған соң, сол руды тереңірек зерделедім. Ол да қазақтың белгілі руы. Әсіресе, тарихта қанжығалы Бөгенбайдың рөлі ерекше. Астанада Бөгенбай батырға ескерткіш орнатылды, Бөгенбай атында даңғыл бар. Біз Бөгенбай батырды Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі деп санаймыз. Оның ерліктері жөніндегі әңгімелерді жерлестері мақтанышпен айтады. Жастарға патриоттық тәрбие беруде Бөгенбайдай батырлардың ерлік істері үлгі болмақ. ? Ата-аналарыңыз қазақ тілін біліп пе еді?
- Атам мен әжем қазақ тілінде сөйледі. Алайда, бала кезімде Оксановка деген ауылда тұрдық. Онда негізінен украин ұлтының өкілдері басым болды. Қателеспесем, екі-ақ үй қазақ отбасы тұрды. Маған жақсы болғаны, 9-10 сыныпты Жарсуат аулында оқыдым. Сол кезде қазақ тілін біраз меңгеріп қалдым. Жарсуатта тұрғанда қазақтың тілімен бірге дәстүрін де біле бастадым.
Мектепте қазақ тілі сабағы болатын еді. Кейін тың игерудің әсері ме, қазақ мектептері жабылды, қазақ тілі оқытылмай қалды.
Мемлекеттік тілді үйретуді бала бақшадан бастау керек. Және де бір қалыптасқан жүйе болғаны абзал. Әйтпесе, бала бақшада алфавит пен сөздерді үйретеді. Мектепке келесің, тағы да басынан бастап үйретеді. Колледжге немесе университетке оқуға түссең, тағы да алфавиттен бастайды. ? Балаларыңыз бен немерелеріңіз мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр ма?
? Қазақ келінім немерелеріме қазақ тілін үйретуде. Мен талап етіп отырамын. Екі ұлым мемлекеттік қызметте істейді. Мен оларға: «Қазақ тілін біліңдер дегенге ренжімеңдер. Егер қызмет жолымен алға басқыларың келсе, ұлым менің, мемлекеттік тілді үйрен», - деп ақыл айттым. Балаларымның ынтасы бар.
Жалпы, адам көп тілді білсе, сол халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысады. Біздер шетелге іссапармен барамыз. Сонда ағылшын тілін білсең, шетелдік әріптестеріңмен емен-жарқын әңгімелесіп, бұрыннан таныс адамдай сөйлесіп кетесің.
Мемлекеттік тілді білген адам қазір Қазақстанда бәсекеге қабілетті болады. Конкурсқа түскенде егер ұлты басқа болса да, тілді жетік біліп тұрса, сол азамат қызметке алынатыны айдан анық.
Үйренемін деген адамға ешқандай қиындығы жоқ. Қалайда тілді білуің керек деп қысым жасап жатқан ешкім жоқ. - Өзіңіздің ана тіліңізді жақсы білесіз бе?
- Иә, неміс тілін бір кісідей білемін. Германияға іссапармен бара қалсам, қандастарыммен еркін тілдесе аламын. - Сіздің сүйікті асыңыз қандай?
- Жаңа піскен бауырсақты үйдің қаймағымен жегенді ұнатамын. Соғым сойған кезде қуырдақты сүйсініп жеймін. - Қазақтар сияқты соғым соясыз ба?
- Иә, кеңшар директоры болып жүрген кезімнен бастап отбасыма соғым сою дәстүрін енгізгенмін. Жыл сайын соғымға жылқы соямыз. Жылқының еті дәмді болатынын біз де біліп алдық. Мамырдың 1-і ? Қазақстан халқының бірлігі меркесіне орай тілегіңіз?
? Қазақстан азаматтарын біртұтас болуға шақырған осы бір айтулы мейраммен құттықтаймын. Елбасы үнемі халықтың ынтымағы мен бірлігін байлық деп айтып жүр. Шаңырағымыз биік болып, әрбір ұлттың өкілі дәм тататындай дастарқанымыз тағамға толы болсын. Қазақстан халқына үш байлық тілеймін. Бірінші ? денсаулық, екінші ? ақ жаулық, үшінші ? он саулық. ? Рақмет әңгімеңізге.