11:14, 21 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты еліміздің шекарасында тұрған ауылдарды аралап, тұрғындармен жүздесті
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы 12 елді мекенді аралап, ел-жұртпен кездесулер өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, Күршім ? еліміздің Қытаймен шекарасында орналасқан аудан. Депутат халыққа қызмет ету орталықтарында, мектеп пен балабақшаларда болып, әлеуметтік саланың қызметімен танысты. Сондай-ақ дүкендерді аралап, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік пен тауарлардың бағасы қымбаттап кетпеуіне назар аударды. Аудан тұрғындарымен кездесу барысында депутат Мемлекет басшысының қатысуымен 12 ақпанда өткен «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер жөнінде баяндап берді. Сол отырыста Елбасы Н.Назарбаев алдағы жылдары еліміздің әлеуметтік салаға бағыттайтын қаражаты екі есе артып, 1 трлн теңгеден асып түсетіні көзделіп отырғанын айтқан болатын. Депутат осы мәліметті айта келіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту, әлемдік қаржы дағдарысы кезінде тұрақтылықты сақтау мақсатында атқарылып жатқан мемлекеттік маңызы зор іс-шаралар жөнінде түсінік берді. Парламентте қабылданған маңызды заңдар, олардың жүзеге асырылуы барысында қандай нормалар тұрғындарға, әсіресе, шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарға тиімді болатынын әңгімеледі. Мәселен, жаңа Салық кодексіне сәйкес кәсіпкерлерге қарастырылған жеңілдіктер жөнінде айтып өтті. Сол секілді үш жылдық республикалық бюджетте қарастырылған әлеуметтік салаға арналған шығыстардың түгелдей сақталатынын мәлімдеді. Бұрынғы Марқакөл ауданының орталығы болған Теректі ауылында өткен басқосуға жиналғандар еліміздің шығысындағы шекарада жатқан өңірге қайтадан аудан мәртебесін беру қажеттігін айтты.
«Бұл аймақтағы басты қиындықтың бірі ? жол мәселесі. Күршімнен Өскеменге қатынау үшін аудан тұрғындары осы уақытқа дейін қара Ертістен паром арқылы өтеді. 40 мыңға жуық тұрғындардың басты өтініші ? осы Ертіс өзенінен өтетін көпір салу. Өйткені аудан ел аумағынан өзен арқылы бөлініп қалған. Пароммен келген барлық тауарлар, өнеркәсіп заттары анағұрлым қымбатқа түседі. Паромды халықтың көп күтіп қалатыны, басқа да қолайсыздықтары шекарадағы тұрғындардың берекетін алып тұр. Мен бұл мәселені құзырлы органдарға жеткізіп, оң шешімін табуға атсалысамын»,- деді телефон арқылы хабарласқан Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Халық депутат назарын денсаулық пен қауіпсіздік мәселесіне аударды. «Байқоңырдан» ұшып шығатын «Протон» зымырандарының екінші бөліктері осы ауданның аумағына құлайтыны анықталып отыр. Зымыран қалдығы ауыл үстіне құлаған оқиға да орын алғанын жасыруға болмайды.Тұрғындар тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге несие бөлінуі қажеттігі, ауылдарда жүн, тері, ет пен сүт секілді мал өнімдерін өңдейтін шағын цехтарды ашуға қолдау білдіру керектігі айтылды. Кейбір ауылдарда мектептердің ескіргені, бүгінгі қоғам жаңа ғимараттар салуды талап ететіні байқалды.
Аудандар мен ауылдарда өткен кездесулерге барлығы екі мыңдай адам қатысқан.