Мәжіліс депутаты кездесуде жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты ойларымен бөлісті

АНА. Шілденің 10-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Жуырда Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қарағанды қаласының мәслихат депутаттарымен жүздесті.
None
None


Онда жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Парламент 2008 жылдың соңында еліміздің кейбір заңдарына жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін Заңды қабылдады. Оған ақпанның 9-ында Президент қол қойды.

 Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында аталған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында бұл тақырып айрықша маңызға ие. Өйткені дағдарысқа қарсы басты шаралар жергілікті жерлерде жүзеге асырылуда. Бұл мақсатты орындау үшін әр өңірге қомақты бюджеттік қаржы бөлінуде. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары алдында «Жол картасын» жүзеге асыру ғана емес, оған бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалуына қатаң бақылау орнату жөнінде жауапты міндет тұр.

 Бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобына жетекшілік жасаған депутат М.Әбеновтың пікірінше, аталған заңнамалық актіні қабылдау арқылы алғаш рет жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісінің заңнамалық іргетасы қалыптасты. Елбасы бастамашы болған 2007 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйелерін жақындатуды көздеген жергілікті өзін-өзі басқарудың базалық негіздері қаланды.

 Заңның ең басты ерекшілігі - тексеру комиссияларының аппараттарын құру болып табылады. Ендігі жерде олар атқарушы органдардағы бюджет қаржысының атқарылуының заңдылығы мен тиімділігіне тексеру жүргізеді. Осылай өткен жылдың соңында қабылданған жаңа Бюджет кодексіне енгізілген идея іске асырылуда. Осыған сәйкес сыртқы бақылау органдарының жүйесі құрылады: республикалық бюджет қаржысының атқарылуына бақылауды Есеп комитеті жүргізсе, жергілікті бюджет қаржысына мәслихаттардың тексеру комиссиялары жауапты. Сонымен бірге, бақылау деңгейінің әрқайсысы бір бірінен дербес жүзеге асады.

 Мәслихат депутаттарының жауапкершілігі де арта түспек. Өзінің өкілеттілігін жүйелі түрде орындамағаны үшін заңмен қарастырылған кері қайтару тетігімен бірге, ендігі жерде депутаттар жылына кемінде бір рет міндетті түрде сайлаушыларына есеп береді.

 Жергілікті өзін-өзі басқару облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округ құрамына кірмейтін кент және ауыл шегінде жүзеге асырылады.

 Кездесуді қорытындылай келе, Мұрат Әбенов бұл заңды мүлтіксіз атқару арқылы ғана Мемлекет басшысының Жолдауда жергілікті билік органдарына жүктеген міндеттерді табысты орындауға болады деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар