18:07, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты Қостанай өңірінде бірнеше кездесулер өткізді
ҚОСТАНАЙ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Бағила Баймағамбетова Қостанай қаласы мен осы облыстың аудандарында бірнеше кездесулер өткізді.
Жүздесулерде тұрғындарға әлемдік қаржы дағдарысына қарсы мемлекетіміздің қолға алып жатқан шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық маңызы зор мәселелері мен азаматтарды толғандыратын проблемалар сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутат «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалында 50-ден астам азаматты өз өтініштері бойынша қабылдады. Қостанайлықтар әлеуметтік қолдаудың сақталатынына, зейнетақы мен жәрдемақылардың уақтылы төленіп тұратынына қанағаттанатындарын жеткізді. Сонымен қатар азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлардың қымбаттап кетпеуіне баса мән берілуі қажет екендігін мәлім етті. Депутат тауар бағаларының көтеріліп кетпеуі Үкімет пен «Нұр Отан» партиясы тарапынан қатаң бақылауда болатынын айтты.Сол секілді Б.Баймағамбетова Рудный қаласында болып, әлеуметтік-гуманитарлық колледждің оқытушылары мен студенттері қауымымен кездесті. Азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қостанай қаласында «Атамекен» одағының мүшелерімен және кәсіпкерлермен өткен жүздесуде несие алу, көктемгі егіс науқаны, шағын және орта кәсіпкерліктің басқа да өзекті мәселелері талқыланды. Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылуына 20 жыл толуына орай депутаттың Ауған соғысына қатысқан ардагерлермен болған кездесуі мағыналы өтті. Онда ардагерлердің құқықтары, жеңілдіктері заңмен айқындалуы жөнінде сөз болды. Қостанай агроэкономикалық колледждің ұстаздары мен шәкірттері алдында депутат еліміздегі саяси-экономикалық жағдай, білім саласындағы жаңа қадамдар туралы әңгімелеп берді. Қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен, Қостанай облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесіп, көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасты. Осы өңірден сайланған өзге де Парламент депутаттарымен бірге дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірген қаладағы дәріханаларды аралады.