15:19, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты Нидерланды Королдігінің Адам құқықтары жөніндегі елшісімен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссиясының төрағасы Сағынбек Тұрсынов Нидерланды Королдігінің Адам құқықтары жөніндегі елшісі Арьян Хамбургермен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кездесуде сұхбаттасушылар адам құқықтары, көші-қон мәселелері туралы ойларын ортаға салды, аталған мәселелерді заңмен реттеу жөніндегі пікірлер айтылды.Сағынбек Тұрсынов еліміздегі дайындалған Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы базалық баяндама жөнінде және аталған тақырыпты қамтитын Ұлттық Жоспардың жобасы жайлы айтып берді. Мұндай құжат ТМД елдері бойынша тұңғыш рет біздің мемлекетте әзірленген. Аталған баяндама арнайы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша әзірленген. Бұл құжатта осы саланы қамтитын ұлттық заңнамаға салыстырмалы сараптама жасалған. Сонымен қатар мұнда Қазақстан заңнамасын халықаралық пактілер мен конвенциялардың нормаларымен сәйкес келтіре отырып жетілдіру мақсатындағы нақты ұсыныстар көрініс тапқан. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне баға берілген. Азаматтарға тегін құқықтық ақпараттар беретін елімізде сандық кітапхана ашылды.Кездесуде Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының ұстанған бағыт-бағдары жөнінде, сондай-ақ Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты дайындық жұмыстары туралы әңгіме өрбіді.Мейман Қазақстанның алдағы уақытта жетістіктерге жете беруіне тілек білдірді. «Біз Қазақстанға достық пейілмен қараймыз»,- деді елші Арьян Хамбургер.Осы басқосуға Қазақстан жағынан Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева, ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев қатысты.