10:47, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты шекаралас аудандарда тұратын азаматтардың мәселесін көтерді
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат. Мәжіліс депутаты Бағила Баймағанбетова Сыртқы істер министрі Марат Тәжинге жолдаған сауалында шекараға таяу тұратын азаматтардың мәселесін көтерді.
Мәжіліс депутатының сауал жолдауына Қостанай облысы, Қарабалық ауданы мәслихат депутаттарының өтініштері себеп болған. Онда Ресей Федерациясымен шекаралас аудандардағы орын алған мәселелер көтерілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутаттың айтуынша, Қазақстан Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісім ратификацияланғаннан кейін шекаралас аумақтарда тұратын жергілікті тұрғындар жеке куәлігі және төлқұжаты, ауылдық шекара округі әкімінің берген анықтамасымен, көші-қон картасын толтырмай-ақ, үш тәулікке дейін шекарадан еркін өте береді. Бұл Келісімнің тармағы орындалуда.2008 жылы мамырдың 28-і күніне дейін Ресей Тарапы шекаралас аумақтардың тұрғындарына жеке басының, отбасының, үй шаруашылығының және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес өзге де мұқтаждарына арналған тауарларды әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген тауарларды кеден баждары мен салықтарды төлеусіз әкелу (әкету) нормаларынан аспайтын мөлшерде шекара арқылы өткізуге рұқсат етіп келген.«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының шекарашылары карантинді сылтау етіп, сүт, ет тағамдарын (ет тек піскен түрінде ғана) тіпті бір адам басына тиесілі 5 келіден аспайтын мөлшер бойынша рұқсат етілген азық-түлік тағамдарына да үзілді-кесілді рұқсат бермей отыр. Келісімнің 4-бабына сәйкес жұқпалы індеттер, жануарлар індеттері, дүлей зілзалалар немесе басқа да күтпеген жағдайлар мен төтенше оқиғалар кезінде Тараптар мемлекеттерінің шекара өкілдері шекара маңындағы аумақтар тұрғындарының шекараны кесіп өтуін уақытша тоқтата алады. Бірақ бұл жағдайдың бір жылға дейін созылып келе жатқаны Қарабалық ауданында ғана емес. Осыған орай қазақстандық тараптың Келісімді толық көлемде орындап келе жатқанын айта кету керек. Сонымен тауарларды бір жақты тәртіппен өткізуге рұқсат бермеу Келісімнің орындалуын бұзу болып табылады»,- деді Б.Баймағамбетова.
Депутат Сыртқы істер министрінен осы жағдайға байланысты шекара аумағындағы азаматтардың Ресей Федерациясында тұратын туыстары мен оқитын балаларының мүддесіне қарай шешілуіне ықпал етуін сұрады.