15:04, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаты жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты заңға байланысты жан-жақты түсінік берді
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары мен ауыл әкімдерімен кездесті.
Кездесудің басты ерекшелігі ? онда қабылданған жаңа жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты заң туралы әңгіме болды. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Палатада қаралған кезде аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына жетекші болғаны белгілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кету керек, үстіміздегі жылы ақпанның 9-ында Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін реттейтін заңға қол қойды. Ендігі жерде жергілікті өзін-өзі басқарудың іргетасы еркін, жасырын, тікелей және жалпыға ортақ дауыс беру арқылы тікелей тұрғындар тарапынан сайланған мәслихаттар болып табылады. Сонымен қатар мәслихат депутаттарының рөлі мен жауапкершілігі де арта түспек.«Елбасы бастамашы болған конституциялық реформаның арқасында жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйелерін жақындатуды көздеген жергілікті өзін-өзі басқарудың базалық негіздері қаланды», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты М.Әбенов.Жергілікті өзін-өзі басқару облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округ құрамына кірмейтін кент және ауыл шегінде жүзеге асырылады.Облыстық және аудандық деңгейде жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілетті және атқарушы функцияларын тиісінше мәслихаттар мен әкімдер атқаратын болады.Заң бойынша мәслихаттар қарастырылмаған ауылдық деңгейде өкілетті функцияларды жергілікті қоғамдастықтың мүшелері жиында өз еркін білдіру арқылы жүзеге асырады. Сонымен қатар, ауыл әкімдері жергілікті мемлекеттік басқарудың функцияларын атқарумен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне ықпалдасатын болады.Жиын барысында өкілетті орган депутаттары мен ауыл әкімдері өздерін толғандырған мәселелер бойынша мағлұмат алды. Өңірлік саясаттың жаңа жүйесінде мәслихат депутаттары мен әкімдердің құзыреттері мен міндеттерін түсіндіру мақсатында алдағы уақытта да осындай жиындар, «дөңгелек үстелдер», семинарлар өткізіп тұру келісілді.