Мәжіліс: Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қытай Елшісімен кездесті

АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбах Рүстемов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чэн Гопинмен кездесті,
None
None
деп хабарлайы ҚазАқпарат. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың еліміздің тәуелсіздігін алған жылдардан бері жемісті жалғасып келе жатқандығын атап өткен Н.Рүстемовтың айтуынша, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және өзге де бағыттардағы қарым-қатынастар алдағы уақытта да дамып, жетіле беретін болады. «Біз үшін бүгінгідей дағдарыс жағдайында Қытайдың тәжірибесі маңызды. Қытай елінің дағдарысқа қарсы қолданып отырған шараларын біз дұрыс деп білеміз. Осыған орай бұл тәжірибе жан-жақты зерттеп-зерделенуде. Сондықтан мен сіздерге дағдарысты еңсеру жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін. Қытай экономикасының дамуына біз де тілекшіміз», - деді Мәжіліс депутаты. Елші өз кезегінде екі ел арасындағы байланыстардың ең жақсы кезеңін бастан өткеріп жатқандығын айтты. Сонымен қатар Қытай халқының Олимпиада алауының Қазақстанда қалай жарқырағандығын, яғни, ұйымдастыру шараларының қаншалықты жоғары деңгейде өткендігін ешқашанда ұмытпайтындығын атап көрсетті. Қытайлықтар Қазақстан басшысының Сычуань провинциясында болған жер сілкінісіне қатысты алғашқылардың бірі болып көңіл айтып, көмек көрсеткендігіне де риза. «Сіздер бізге лаңкестік, сепаратизм мен экстремизм сияқты әрекеттермен күресте де үлкен қолдау көрсетіп келесіздер. Қазіргі таңда еліміздің күш-қуат құрылымдары бірлескен түрде ынтымақтаса қызмет етуде. Мен елші қызметін атқарған аз ғана уақыттың ішінде біздің байланыстарымыздың қаншалықты мығым екендігіне көз жеткіздім. Сондықтан мен осы жетістіктердің алдағы уақытта да жетіле беруі үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймын», - деді ол.
Соңғы жаңалықтар