Мәжіліс қарашаның 9-ына дейін алдағы 2011-2013 жылдарға арналған бюджет жобасына қорытынды әзірлейді
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет мақұлдаған бюджет жобасына сәйкес, 2011 жылы республикалық бюджетке түсетін қаржының жалпы көлемі 4 трлн. 49,5 млрд. теңге шамасында болжанған. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда, 671,1 млрд. теңгеге артық немесе 20 пайызға көп. Ал бюджет шығыстарына келетін болсақ, 2011 жылы бұл көрсеткіш - 4 трлн. 651,9 млрд. теңге, 2012 жылы - 4 трлн. 955,6 млрд. теңге, 2013 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 5 трлн. 161 млрд. теңге шамасында есептелген. Болжам бойынша алдағы 2011 жылы түсімдер 2 трлн. 636,9 млрд. теңгені құрайды. Бұл осы жылмен салыстырғанда, 799,4 млрд. теңгеге артық көрсеткіш.
Соендай-ақ, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «ҚР Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасына және «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобалары бойынша да қарашаның 9-ына дейін қорытынды әзірлейтін болады.