Мәжіліс кәсіпкерлікті түбегейлі жақсартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
None
None

Еске сала кетейік, құжат Елбасының Парламенттің төртінші сессиясының ашылуы барысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Заң жобасымен мемлекеттік бақылауды жетілдіру, кәсіпкерлік субъектілерін жоспарлы тексеруді жою және жаңа тәсілді анықтау есебінен тәуекелдерді бағалау негізіндегі тексерулерді ұйымдастыруға көшу арқылы ұсынылады. Осы мақсатта жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды төрт топқа бөлу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, бірінші топқа тексерулер кезеңдік сипатқа ие болатын қызметтің аса қауіпті түрлерін реттеу салаларын жатқызу ұсынылады. Мұндай салаларға: атом энергетикасы, қару-жарақ, есірткі заттары, прекурсорлар, улардың айналымы, өнеркәсіптік қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік жатқызылды. Осыған орай, тексерулер кезеңділігі аталған салаларда қызметті жүзеге асыратын барлық субъектілерге емес, тек жоғары тәуекел дәрежесіндегі субъектілер мен объектілерге қатысты сақталады. Екінші топқа, тек «бұзушылар» ғана ішінара тексерілетін жаңа тәуекелдерді бағалау жүйелері енгізілетін қызмет салалары жатқызылады. Үшінші топқа тек негізделген шағымдар аясында, соның ішінде құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың шағымдарына сәйкес жоспардан тыс тексерулер жүргізу жеткілікті болатын салаларды жатқызу ұсынылады. Ал төртінші топқа мемлекеттік бақылау тексеруге шықпай және әкімшілік іс қозғамай, қашықтықтан мониторингілеу түрінде жүзеге асырылатын салалар жатқызылады.

Екінші оқылым бойынша талқылау барысында депутаттар тарапынан бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. «Атап айтқанда, бизнесті ашу мен жүргізу үшін жағымды жағдай қалыптастыру, бизнеске әкімшілік жүктемені төмендету, кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар жасалды. Инвестиция ағымын ынталандырып, кәсіпкерлікті қорғауға бағытталған түзетулер де енгізілді», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған депутат Айгүл Соловьева.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар