Мәжіліс келесі жылдан бастап журналистер арасында парламенттік сыйлық тағайындайды

БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтаған спикер Н. Нығматулин журналистердің ел өмірінің маңызды оқиғаларын көрсетудегі рөлін жоғары бағалайтынын жеткізді. «Жалпы депутаттар мен журналистердің қызметінде ортақ мәселелер баршылық - олар азаматтар үшін және халықтың игілігі үшін тынымсыз қызмет етеді. Журналистер Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде елмен, халықпен бірге еңбек етіп келеді. Осы кезеңде Қазақстанның даму жолында атқарылған жұмыстар тікелей БАқ арқылы таралып, әлемге танымал ел болдық. Соның ішінде Мәжілістің қызметін көрсетуде де аянбай еңбек етіп келдіңіздер», - деді спикер.
Сонымен қатар, спикер Мәжіліс Бюросының бүгінгі отырысында маңызды шешім қабылдағанын да жеткізді. «Келесі парламенттік сессиядан бастап Мәжілістің заң шығармашылық қызметі туралы ең үздік материалдар жариялаған журналистерді арнайы сыйлықпен марапаттау туралы шешім қабылдадық. Бұл сыйлық үш аталым бойынша - ең үздік телеарна материалы, ең үздік баспасөз және ең үздік интернет, радиоматериалдар бойынша берілетін болады», - деді Н. Нығматулин.
Оның айтуынша сыйлықты тағайындау комиссиясына Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов жетекшілік етеді, ал оның құрамына танымал қоғам қайраткерлері, саяси партия өкілдері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері енетін болады.