14:33, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Мәжіліс комитеті кәсіптік, техникалық білім беру мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету шараларын талқылады
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нүкетаеваның жетекшілік етуімен кеңейтілген отырыс болып өтті.
Жиын барысында «ҚР техникалық және кәсіптік білім берудің Мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету» мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы бағыттағы білім сапасын арттыру, ел экономикасының түрлі салаларын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелерін көздейді. Ал техникалық және кәсіптік білім берудің жоғары тиімді ұлттық жүйесін қалыптастыру ? ел экономикасының қарқынды дамуының негізгі факторы, жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау арқылы Қазақстан қоғамының әлеуметтік тұрақтылығын сақтауға жәрдемдеседі. Бағдарлама екі кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде (2008-2010 жылдар) кәсіптік және техникалық білім беруді сатылы дамыту мен білім беру бағдарламалары жаңартылады. Екінші кезеңде (2011-2012 жылдар) білім берудің осы саласын неғұрлым орнықты қызметпен қамтамасыз ету және реформаны дамыту көзделген. Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде 50 техникалық және кәсіптік білім беру нысандарын, оның ішінде 46 кәсіптік лицей, 4 техникалық және қызмет көрсету кадрларын даярлау және қайта даярлау өңіраралық орталықтарын салу жоспарланған.
Жиын барысында депутаттар бағдарламаны атқаруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Атап айтқанда, Комитет төрайымы Д. Нүкетаева бұл саладағы арнайы нормативтік-құқықтық базаның жоқтығы техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіруге тежеу болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ бұндай заңнамалық тетіктің болмауы экономиканың жеке секторында кәсіптік білім беруді ұйымдастыруға кедергі болып табылады. Осыған орай, жиынғы қатысушылар өңірлердегі қалыптасқан жағдайды жан-жақты талқылап, кадрлар даярлау мәселесін оңтайлы шешу жолдарын қарастыру қажеттігіне назар аударды.