13:17, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Мәжіліс комитетінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы континентаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын жою туралы келісімге енгізілген түзету талқыланды
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Басқосуда комитет мүшелері «1993 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы континентаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын жоюға, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты келісімге түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасындағы Түзетуге Қазақстан атынан ҚР АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов 2007 жылдың желтоқсанында Вашингтон қаласында қол қойған болатын. Бұл шара Қазақстанның ядролық қаруды таратпау тәртібін қолдау саясатының дәйекті жалғасы болып табылады.
Ал Түзетудің негізгі мақсаты ? екі мемлекет арасында 1993 жылы қол қойылған келісімді іске асыруды жалғастыру, жаңа келісім шарттар жасасу, сондай-ақ ондай келісімдерді салықтан босату болып отыр. «Жаппай қырып- жою қаруларын таратпау мақсатында АҚШ сенаторлары тарапынан қауіптерді бірлесіп азайту туралы бастама көтерілген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстың негізгісі Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісім бойынша континентаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын жою болып табылады. Келісім аясында АҚШ Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық саласына оң әсер ететін қаржылық, техникалық және өзге де көмек көрсетеді. Мәселен, бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағында ядролық сынақтар жүргізудің зардаптарын жою және оңалту жұмысы жалғасады. Ядролық материалдарды экспорттық бақылаудың тиімді жүйесін құру, ядролық материалдарды қауіпсіз кәдеге жарату және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту шаралары да көзделетін болады. Бұдан басқа, биологиялық зерттеулердің бірлескен бағдарламасын іске асыру, нысандарды биологиялық қауіпсіздікті нығайту арқылы қауіпті патогендік ауру жұқтыратын микроорганизмдер мен штамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер шешіледі», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Энергетика және минералдық ресурстар министрі С. Мыңбаев.
Комитет мүшелері заң жобасын қолдап, құжатты палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.