Мәжіліс мемлекеттік органдардың құпия хаттарын тасуға қатысты құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Фельдъегерлік қызметті ұйымдастыратын құзырлы орган – Премьер-Министрдің кеңсесі. Бұл қызметтің міндеті – Үкіметтің хат алмасу жұмысын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың аса маңызды әрі құпия хаттарын тасу, арнайы пошталарды ТМД-ға мүше елдерге жеткізу», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, бұл бөлімнің қызметкерлері ішкі істер органдарының кадрында тіркелген. Сондықтан олар қарумен, формамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі. Бірақ ішкі істер органдарының қызметкерлері сияқты қылмыс ашып, тергеу жүргізбейді.

Заң жобасын даярлау кезінде халықаралық тәжірибе зерттелді. Бірқатар елде фельдъегерлік байланыс туралы арнайы заң қабылданған. Біз дайындаған заң жобасының мақсаты - фельдъегерлік қызметтің құқықтық мәртебесін бекіту.

Заң жобасының негізгі ережелері:

1) фельдъегерлік байланыстың міндеттері мен қағидаттарын заңнамалық бекітуге;

2) Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет (МФҚ) қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін айқындауға;

3) МФҚ қызметкерлерінің құқықтық жағдайын регламенттеуге;

4) МФҚ қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін белгілеуге бағытталды.

Сонымен қатар Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.


Соңғы жаңалықтар