Мәжіліс Орталық Азия өңірлік институтына қатысты құжатты қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң 2016 жылғы 26 қазанда Исламабадта жасалған Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) институтын құру туралы келісімді ратификациялауға бағытталған. Келісімнің мақсаты – Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын үкіметаралық ұйым ретінде құру. Ол өңірлік ынтымақтастық процестеріне қатысу, өңірде бірлескен жобаларды және жедел экономикалық өсуді іске асыру үшін ОАӨЭЫ-ға мүше елдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі функцияларға ие болады.

«Институт Орталық Азия елдерінде экономикалық өсуді жеделдету мақсатында 11 елдің және 7 халықаралық ұйымның қатысуымен құрылды. Институт кеңсесі Бішкек қаласында өткен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 13-ші Министрлік конференциясының шешімі негізінде 2015 жылдың 15 наурызында Үрімшіде ресми түрде ашылды. Ұйымның бас кеңсесін Қытай Халық Республикасында орналастыру туралы шешімді қатысушы елдер дауыс беру тәсілімен шығарған болатын. Оған басты себеп – ҚХР кеңсені өтеусіз негізде беріп, оның жұмысына қаржылай үлес қосты», - деді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Институтта 35 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Институтқа жұмысқа тұру ұйым сайтында жарияланатын конкурс арқылы іске асырылады. 2017 жылғы 1 қыркүйекте Институт үкіметаралық ұйымның ресми мәртебесін алған болатын. Қазақстан былтыр 21 ақпанда Институтты құру туралы келісімге қол қойып, байқаушы мәртебесін алды. Аталған Келісім ратификацияланғаннан кейін, Қазақстан Институттың толыққанды мүшесі болады.

«Айта кететін маңызды жайт, мүшелік жарнаны төлеу-төлемеу – Қазақстанның өз еркінде қалады. Бұл елдің дауыс беру құқығына әсер етпейді. Өйткені, Ұйымның Басқарушы кеңесі барлық шешімдерді мүше елдердің консенсусы негізінде қабылдайды. Сонымен қатар, Институтқа мүше ел депозитарийге жазбаша хабарлама табыстау арқылы Ұйым құрамынан кез келген уақытта шыға алады. Институттың негізгі қызметі – зерттеулер жүргізу, семинарлар, форумдар және тренингтер мен конференциялар өткізу, сонымен қатар инновациялық шешімдерді ұсынып, зерттеу нәтижелері мен қорытындыларды тарату, Орталық Азия өңірінде ғылыми-зерттеу институттары желісін дамыту», - деді министр.

Институттың 5 кластерлік бағыты айқындалған. Олар:

- экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету;

- сауда, туризм және экономикалық дәліздерді құру;

- инфрақұрылым және экономикалық байланыстарды дамыту;

- ауыл шаруашылығы және су ресурстарын мәселелерін шешу;

- адами капиталды дамытудың сапасы мен тиімділігін арттыру.


Соңғы жаңалықтар