Мәжіліс республикалық бюджет бойынша нақтылау жобасын мақұлдады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруды қарастыратын 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтауды ескере отырып қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмаларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылатын болады», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту ескерілген. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр.
Екінші бағыт жұмыспен қамту, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейту және күшейтуді қамтып отыр. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталатын болады.
«Үшінші бағыт бойынша жобада Үкімет резервін 72,9 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталатын болады. Бұдан басқа, 35,9 млрд теңге қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен шұғыл шешуді қажет ететін міндеттемелерді қаржыландыру іске асырылады», - деп нақтылады Ә. Смайылов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыс барысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдің 2019 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштері биылғы сәуірде түзетілген болжам деңгейінде сақталатынын айтты.
Еске сала кетейік, Парламенттің төртінші сессиясы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды.
Атап айтқанда, маңызды шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді енгізу қажет болды. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясының жұмыс мерзімі ұзартылды.