Мәжіліс сайлауы: Саяси дода қыза түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталды. Еліміздің басты саяси додасына ресми тіркелген барлық партиялар қатысу мүмкіндігіне ие. Ал сайлау барысын одақтық және бірнеше ондаған халықаралық байқаушы жіті қадағаламақ.

Мәжіліс сайлауы: Саяси дода қыза түсті

Партиялар Мәжіліске қанша кандидат ұсынды?

8 ақпан күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-де барлық өңірде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Ал 9 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жария етті. Комиссияға барлық партия партиялық тізім арқылы додаға түсетін канидаттарының тізімін ұсынды. Тізімде 283 кандидат бар. Оның ішінде партиялық тізім арқылы Қазақстан халық партиясынан - 52, Ақ жол партиясынан - 54, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19, «Байтақ» жасылдар партиясынан» - 18, «Ауыл» партиясынан – 25, Respublica партиясынан – 25, AMANAT партиясынан – 90 кандидат. Дәл осы кандидаттар Мәжілістегі 69 мандат үшін тартысқа түседі. Айта кетерлігі, Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардың атынан тапсырылған құжаттар «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сай келеді.

«Саяси партия партияға мүше болмаған тұлғаны тізімге қосуға құқығы жоқ екендігін еске салғым келеді. Партиялық тізімге қосылған тұлғалар саны саяси партиялар араксында бөлінетін депутаттық мандаттың белгіленген санынан 30 пайызға асып кетпеуі тиіс. Бұл ары кеткенде 90 адам, одан төмен де болады. Партиялар партиялық тізім саны қанша болатындығын дербес анықтады», - деген еді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Ал Мәжіліс депутаты сайлауында 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 609 кандидат ұсынылған. Жалпы республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кандидатты құрайды. Ең жоғарғы бәсекелестік Астана қаласының 2 сайлау округінің әрқайсысы бойынша 63 кандидаттан. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округі бойынша 6 адам, яғни олар бір мандат үшін күреседі.

Мәжіліс сайлау кезінде саяси партиялардың тізімдерінде «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілген.

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астанада – 334, аудандарда – 2 130, қалаларда 617 адам мәслихаттардың депутаты болып сайланады. Мандаттардың жалпы саны - 3 081. Кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау окургтері бойынша ұсыну қорытындыларына сәйкес, орташа бәсекелестік бір орынға 4,3 кандидатты құрайды.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша 119 партиялық тізім болды. Аталған тізімде 1 471 кандидат бар. Мажоритарлық округтер бойынша мәслихаттарға - 11 844 кандидат. Жалпы Мәжіліс пен мәслихаттар бойынша 14 207 кандидат ұсынылды

Орталық сайлау комиссиясының кандидаттарды тіркеу рәсімі 18 ақпанға дейін жалғасады. Ал сайлау алды үгіт тіркеу аяқталған күні сағат 18-00-де басталып, 18 наурыз күні сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні.

Айта кетерлігі, «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ «Қазақпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі мен «Jibek Joly/Silk Way» телевизиялық арнасы интернет-алаң мен эфир алаңын ұсыну шарттарын жария еткен болатын.

Мемқызметкер сайлауға қатыса ала ма

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, мемлекеттік қызметшілер кез келген ел азаматы сияқты депутаттар сайлауына қатыса алады. Олар партиялық тізімге ену мүмкіндігі бар. Сонымен қатар олардың Қазақстан Конституциясының барлық талабына сай мажоритарлық жүйе арқылы да кандидатурасын ұсына алады. Дегенмен, сайлауалды үгіт науқаны басталған кезде мемлекеттік қызметші еңбек демалысына шығуы тиіс. Ал ол депутат болып сайланған жағдайда мемлекеттік қызметін қатар алып жүре алмайды.

Халықаралық байқаушылар қалай жұмыс істейді?

2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны ресми тіркеуден өткізген болатын. Ал 9 ақпанда комиссияға Сыртқы істер министрлігінен 2 шет мемлекеттен, 1 халықаралық ұйымнан 37 байқаушыны тіркеуден өткізу ұсынылды. Оның ішінде Қытай Халық Республикасынан 2 және Нидерланды Корольдігінен 3, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 32 байқаушы бар. Оларың барлығы аккредиттелді. Жалпы, Парламент сайлауын байқауға 332, оның ішінде 32 ұзақмерзімді және 300 қысқа мерзімді халықаралық байқаушы келеді.

8 ақпан күні Астанада өткен брифингте ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстандағы парламенттік сайлауды қадағалау жөніндегі миссиясының басшысы Оуэн Мерфи сайлау нәтижелері емес, процестің өзі қызықтыратынын айтқан болатын.

«Біздің миссия сайлау алдындағы үгітке сапалы бақылау жүргізеді. Бізді сайлау нәтижелері емес, процестің өзі қызықтырып отыр. Сайлауды бақылау миссиясының рөлі қадағалау, араласу немесе көмек көрсету емес. Біздің жұмысымыз сайлауды бақылау ғана. Бақылау және бағалау миссияның алдағы есептерінде жарияланады. Сайлау күніне екі апта қалғанда біз сайлау процесінің нақты сипаттамасы болатын және сайлау бөлігіндегі мәселелерді көрсететін аралық есепті жариялаймыз», - деген еді Оуэн Мерфи.

Оның атап өтуінше, сайлау процесі аяқталғаннан кейін бірнеше айдан соң түпкілікті есеп жариялана. Құжатта сайлауды өткізу тұрғысынан билік пен басқа да мүдделі органдар қарауы керек ұсыныстар болуы мүмкін.

ЕҚЫҰ миссиясы 19 наурыз күні еліміздің барлық өңірінде сайлау процесін бақылайтын болады. Оның құрамына 11 халықаралық сарапшы және қатысушы мемлекеттерден 11 өкіл кіреді. Байқаушылардың қалған командасы елордада болады. 32 ұзақмерзімді байқаушы келесі аптада – 15 ақпанда елімізге келеді. Ал дәл сайлау өтетін күнге 300 қысқа мерзімді байқаушы шақырылған. Олар еліміздің бүкіл аймағындағы сайлау учаскелерінде бюллетендерді ашу, дауыс беру, дауыстарды санау және қорытынды шығару процесін қадағалайды.

7 ақпан күні ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссиясының басшысы Оуэн Мерфиді қабылдаған болатын. Осы кездесуде қазақстандық тарап байқаушылардың толық және тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеген еді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы да Мәжіліс депутаттары сайлауын байқауға әзір. Оларды Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі өкілдері шақырған болатын. Қазіргі уақытта ұйым сайлауға қатысу үшін ШЫҰ мисиясының құрамын жасақтау жұмысын белсенді жүргізіп жатыр.