Мәжіліс сайлауы саяси жүйені түбегейлі қайта жандандырады – сарапшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 19 наурызда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі алдағы саяси науқанның ерекшелігі мен артықшылығы туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әлішер Тастеновтің пікірін білген еді.

«Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау - саяси жүйені түбегейлі қайта жандандырып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасына алып келеді. Қайта жаңару саяси және экономикалық сын-қатерлерге төзімді төтеп беретін саяси модель қалыптастыруға бағытталған. Осылайша «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына қол жеткізіледі. Алдағы сайлаудың ерекшелігі - жаңа әрі сапалы жағдайда өтетіндігі. Енді Мәжіліс депутаттарының 70%–ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтер арқылы сайланады», - деді Әлішер Тастенов.

Сарапшы келтірген дәйекке сәйкес, партиялардың Мәжіліске өтуінің шекті кедергісі 7-ден 5%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді.

«Яғни саяси партия мүшелері санына қойылатын талап жеңілдеп, 4 есе 20-дан 5 мың мүшеге дейін төмендетілді. Партиялардың өңірлік өкілдіктерінің саны да 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттар депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтеді. Яғни 50/50 форматында. Бұл ретте аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда мәслихат кандидаттарына қазақстандықтар бір мандатты округтер бойынша дауыс бере алады»,- дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа саяси жағдай билік органдарының қоғам пікірі, көзқарасы мен сұранысына құлақ асуды қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал етеді.

Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.


Фото: kisi.kz


Соңғы жаңалықтар
telegram