15:36, 27 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Мәжіліс сайлауына Ассамблея атынан түсетін кандидаттарға 477 мың теңгеден бөлінетін болды - ОСК
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2012 жылдың 15-ші қаңтарына тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан тіркелген әрбір кандидатқа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін және көлік шығындарына 477 мың теңге бөлінетін болды. Орталық сайлау комиссиясы кезекті отырыс барысында осындай қаулы қабылдады.

Отырыс барысында аталмыш қаулының мақсат-міндеттерімен таныстырған ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоостың айтуынша, Ассамблея атынан түскен кандидаттардың теледидар арқылы сайлауалды бағдарламасын насихаттау үшін бөлінетін қаржы - 105 мың теңгені, осы бағдарламаны радиодан насихаттау үшін бөлінетін қаржы - 62 мың теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар баспасөз басылымдарына материалдар жариялауға 135 мың теңге, сайлаушылармен және өзге де азаматтармен кездесуге арналған ғимаратты жалдау үшін 25 мың теңге, баспа өнімдерін шығару үшін 50 мың теңге, көлік шығындарына 100 мың теңге бөлінетін болады. «Осылайша сайлауға Ассамблея атынан түскен кандидатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі 477 мың теңге болды»,-деді ОСК төрағасының орынбасары.