Мәжіліс Төрағасы Франция саяси-экономикалық басты және негізгі әріптесіміз болып табылатынын мәлім етті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Франция біз үшін саяси-экономикалық басты және негізгі әріптесіміз болып табылатынын мәлім етті. Өйткені, ол Еуропа мемлекеттері ішінен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасасқан бірінші ел екені анық. Сондықтан екі ел арасындағы байланысты барлық салада және әр деңгейде жан-жақты дамытудың маңыздылығы өте зор.
«Әрине, екі елдің ынтымақтастық қарым-қатынасының арта түсуіне мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркози арасындағы достық және сенімді көзқарастары үлкен әсер етіп отыр. Өткен жылы Франция Президентінің Қазақстанға келген сапарына үлкен маңыз берілді. Екі ел басшылары бірігіп жасаған үндеулерінде көрініс тапқан келісімдерді жүзеге асыру мақсатындағы жұмыстарды ретке келтіру біз үшін өте маңызды. Осыған байланысты екі елде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ел мен елдің арасын жақындастыра түсуге біз де атсалысатын боламыз»,- деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Елші Палата жетекшісінің пікірімен толық келісетінін жеткізе келіп, «Өткен жылы қазан айында Н.Саркозидің Қазақстанға келген сапары ерекше маңызға ие болғанын білемін. Өзім де делегация құрамында Астанаға келген едім. Сол жолы барлық кездесулер мен келісімдерге қол қою рәсімдеріне қатыстым, Қазақстанмен жақынырақ танысуыма мүмкіндік туды. Біздің міндет - ел басшылары жүктеген жұмыстарды жүзеге асыру»,- деді.
Мейман үстіміздегі жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елдің өмірінде үлкен маңызға ие екенін айтып өтті. Қазақстанның ұстанған бағытымен таныс екенін білдірді. Елші өз сөзінде Франция Президенті Н. Саркози Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі бастамасын қолдайтынын мәлім етті. «Аталған саммиттің жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Сонымен қатар екі ел Парламенттері арасындағы байланысты дамытудың да маңызды екені анық. Осы бағыттағы жұмыстың жандана түсуіне атсалысамын»,- деді Франция елшісі Жан-Шарль Бертонэ.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Франция Парламенттері арасында достық тобы жұмыс істеп жатқанын, тәжірибе алмасу барысында өткен жылы француз парламентшілері Астанаға келіп, кездесулерге және «Еуропаға жол» бағдарламасы аясында Мәжілісте өткен халықаралық конференцияға қатысқанын атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы елшінің қызметіне табыс тіледі.