Мәжіліс төрағасы Қызылорда облысында болды

Сапар барысында Мәжіліс төрағасы «Нұр Отанның» облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға келген тұрғындар түрлі сауалдары мен өтініштерін алға тартты. Мәселен, «Ақ-Барыс» шаруа қожалығының төрағасы Ерболат Рсалиев «Сыбаға» бағдарламасы бойынша субсидия алу мүмкіндігіне қолдау көрсетуді сұрады. Шаруашылықтың «Халал» стандартымен өндірілген өнімдері үлкен сұранысқа ие. Және жергілікті кәсіпорындарда, мектептерде, медициналық мекемелерде, осы қожалық өнімдері пайдаланады. Бүгінгі күні шаруашылықта мал соятын цех, 200 бас ірі қара малын жемдеуге арналған орын бар. Шаруашылық төрағасы мал өнімдерін өндіруді одан әрі дамыту үшін қолданыстағы мал соятын цехқа жалғастырып, 500 бас ірі қара малын жемдейтін орын әзірлеуді жоспарлап отыр. Болашағы айқын жобаға Нұрлан Нығматулин қолдау білдірді. Қабылдауда болған қызылордалық тұрғындар Валентина Ленивкина, Қалдыбек Ахметов өз өтініштерінің қолдауға ие болғанына ризашылықтарын жеткізді.
Н.Нығматулин облыстағы жұмыс сапары кезінде, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен» танысты.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мақсаты кәсібін жаңа бастаған жандарға жан-жақты көмек көрсету болып табылады. Мұнда кәсіпкерлікке қатысты жұмыс істейтін барлық құрылымдар топтасқан. Сондай-ақ осы жерде банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының өкілдері орналасқан. Кәсіпкерлерге орталық мамандары консультативтік кеңестер беріп, түрлі құжаттарын дайындауға көмек көрсетеді.
Еске сала кетсек, 2012 жылы 22 шілдеде кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық жиында Елбасы әр аймақта осындай орталықтар салу туралы тапсырма берген болатын.
Мәжіліс төрағасы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.